Ұлттық банк ИПБ-ға өтпегендердің зейнетақы жинағын жаңа тәсілмен басқармақшы

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанда инвестициялық портфельді басқарушыны (ИПБ) таңдамаған азаматтардың зейнетақы жинағын басқару тәртібі өзгеруі мүмкін. 2026-2030 жылдарға арналған капитал нарығын дамыту бағдарламасының жобасында мұндай салымшылардың қаражатын жасына және зейнетке шығуына дейін қалған мерзіміне қарай әртүрлі инвестициялық портфельдерге автоматты түрде бөлуді ұсынылған. Kazinfrom тілшісі Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі жариялаған құжаттағы зейнетақы активіне бағытталған стратегиялық бастамаларды сараптап көрді.

Фото: Kazinform/ЖИ

Бірыңғай басқарудан жас ерекшелігіне қарай бөлуге көшу

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында қаржы нарығының мүмкіндіктерін кеңейтіп, капитал нарығын дамыту міндетін қойды. Мұны жинақталған қаржы ресурстарын экономиканың нақты секторына бағыттау, зейнетақы активтерін басқару жүйесін жетілдіру және институционалдық инвесторлар қатарын кеңейту арқылы іске асыру тапсырылды.

Қазір зейнетақы активтерінің негізгі бөлігі Ұлттық банктің басқаруында. Агенттік құжатында келтірілген мәлімет бойынша, жалпы жинақтың 99,7 пайызы, яғни 24 триллион теңгеден астам қаражат Ұлттық банктің басқаруында тұр. Оның 61 пайызы мемлекеттік бағалы қағаздарға, 22,5 пайызы корпоративтік облигацияларға, 12 пайызы акцияларға салынған. Қалған жинақтар зейнетақы аннуитеті арқылы өмірді сақтандыру компанияларына, инвестициялық портфельді басқарушы компаниялардың басқаруына берілген.

Жаңа модель Ұлттық банк құзырындағы ақшаны салымшылардың жасына қарай саралап басқаруды ұсынады. Жас салымшылардың ақшасы кірістілік әлеуеті жоғары, бірақ құны құбылмалы активтердің үлесі көбірек портфельдерге салынуы мүмкін. Ал зейнетке шығуына аз қалған сайын жинақтар тәуекелі төмен құралдарға біртіндеп ауыстырылып отырады.

Мұның себебі түсінікті. Ұзақ инвестициялық уақыты бар адам нарықтағы уақытша құлдырауды күтіп, шығынды кейінгі өсім есебінен еселеп өтеуге көбірек мүмкіндік алады. Мысалы, 2001 жылы Apple акциясына 100 доллар салған адам оны 2026 жылға дейін сатпай ұстап, дивидендтерді қайта инвестициялап отырған болса, салымы шамамен 114,4 мың долларға дейін өскен болар еді. Осы 25 жылда акция бағасы бірнеше рет күрт құлдырады. Нақты айтсақ, 2007 жылдың соңынан 2009 жылдың қаңтарына дейін 60,9 пайыз арзандады. Сол кезде акциясын сатқан инвестор 6 жылда жиналған 10 мың доллардан небәрі 3 910 долларын сақтап қалар еді. Ал акциясын ұстап қалғандар кейінгі өсімнен пайда көрді. Бұл ұзақ инвестициялық мерзімі бар адамның нарықтағы уақытша құлдырауды еңсеруге көбірек мүмкіндігі болатынын көрсетеді. Ал зейнетке шығуына аз уақыт қалған азамат үшін мұндай құлдырау әлдеқайда қауіпті, өйткені шығынды өтеуге уақыты шектеулі.

Жинақ автоматты түрде қайта бөлінеді

Бағдарлама бойынша жас ерекшелігіне қарай бөлу Ұлттық банктің басқаруында қалған зейнетақы активтеріне әдепкі тәртіппен енгізіледі, яғни ИПБ-ны өзі таңдамаған азаматтар жаңа модельге автоматты түрде көшеді. Жасы өзгеріп, зейнетке шығуына қалған мерзімі қысқарған сайын жинағы да тиісті портфельге ауыстырылады. Бұл үшін салымшыдан қосымша өтініш талап етілмейді.

Сонымен бірге әр адамның зейнетақы жинағы жеке есепте қала береді. Бір жас санатындағы азаматтардың ақшасы ортақ қосалқы портфельде басқарылуы мүмкін, бірақ әр салымшының үлесі мен инвестициялық нәтижесі жеке шотында көрсетіледі. Басқаша айтқанда, ортақ портфельге біріктіру жеке жинақтардың иесіз қалуын немесе бір адамның ақшасының екіншісіне берілуін білдірмейді.

Әзірге жас топтарының нақты саны мен шекарасы, әр портфельдегі акциялар мен облигациялардың үлесі белгіленбеген. Бұл параметрлер бірыңғай әдістемеде бекітіледі. Оны Ұлттық банк Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігімен және БЖЗҚ-мен бірлесіп әзірлемек.

Жеке басқарушыны таңдау құқығы сақталады

Жаңа тәртіп азаматтардың жинағын ИПБ-ға беру құқығын жоймайды. Қолданыстағы заңнама бойынша салымшы зейнетақы жинағының 100 пайызына дейінгі бөлігін өзі таңдаған инвестициялық басқарушыға бере алады. Бағдарламада бұл мүмкіндік сақталатыны көрсетілген.

Бұған қоса, бірінші стратегиялық бастама бойынша жеке басқарушылардың зейнетақы активтеріне қатысуын кеңейту жоспарланған. Ұлттық банктің портфелінің бір бөлігі бәсекелестік негізде лицензияланған қазақстандық ИПБ-ларға берілуі мүмкін. Алғашқы кезеңде мемлекеттік бағалы қағаздар бойынша қосалқы портфельдерді сынақтан өткізу, кейін корпоративтік облигациялар мен акцияларды қосу қарастырылған.

Дегенмен бұл жерде салымшының таңдауына қатысы жоқ тағы бір тетік бар. Бағдарлама Ұлттық банктің портфелінен активтердің бір бөлігін азаматтардың жеке шешіміне қарамастан, конкурс арқылы таңдалған басқарушыларға беру мүмкіндігін қарастырады, яғни ИПБ-лардың нарықтағы үлесі тек азаматтардың өз еркімен жинағын аударуына байланысты болмайды.

Нәтижесі қалай бағаланады?

Бағдарлама жобасында ИПБ қызметін қадағалауды күшейту, мүдделер қақтығысын болдырмау, активтердің сапасына бақылау орнату және басқарушының кінәсінен зейнетақы активтеріне келтірілген залалды өтеу тәртібін айқындау көзделген. Бұл талаптар жеке компанияларға активтерді беру ауқымы кеңейген сайын маңызды бола түседі.

Экономист Сапарбаек Жобаев бұл бағдарламадағы өзгерістер БЖЗҚ-ның құрылымын кеңейтетінін айтады.

- Қазір Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры тек салымшылардың ақшасын жинап, сақтандыруға ғана жауапты. Ал инвестициялық кірістілігіне Ұлттық банк жауапты. Қазір зейнетақы жинақтарын инвестициялық басқаратын жеке компаниялар кімнің қарамғаында жұмыс істеуі керек деген сұрақ туындап отыр. ИПБ-ларға жинақты 100 пайызға дейін аударуға рұқсат етілгенімен, олардың жұмысын кім қадағалайтыны әлі толық айқындалған жоқ. БЖЗҚ бақылауына берейік десе, оларда инвестициялық операцияларды басқару тәжірибесі жоқ. Құжатқа қарағанда БЖЗҚ-ның міндеттері мен мақсаттарын осы тұрғыдан кеңейту мәселесі салаға жауапты органдар арасында қаралып жатқан сияқты. Ұлттық банк бұл құзыретті БЖЗҚ-ға өткізіп бергеннің өзінде бірден алып кете алмайды. Көптеген маман, штат ашу керек. БЖЗҚ ИПБ-лардың жұмысын бақылап, ИПБ-ға аударылмаған жинақтарды Ұлттық банк басқара беруі де мүмкін, - дейді сарапшы.

Сондай-ақ, ол ИПБ-лардың қазіргі жұмыс нормативтері кірістіліктен гөрі қауіпсіздікке басымдық беретінін айтады.

- Ал ИПБ-ға аударылмаған жинақтарды иесінің жасына қарай саралап басқару мәселесіне келсек, 2040 жылдан әрі қарай ынтымақты зейнетақы берілмейді. Тек жинақ пен базалық зейнетақы төлене бастайды. Жүйені осы кезеңге дайындау үшін ИПБ-лар институтын дамыту көзделіп отыр. Бірақ қазіргі нұсқада ИПБ-ларға өте үлкен шектеулер қойылған. Өзінің сыбайлас компанияларына инвестиция салмау, табыстылықты қамтамасыз ету, сақтандыру деңгейін қадағалау сияқты талаптар орасан. Құдды бір мемлекеттік компанияларды басқарғандай басқармақшы. Бұл ИПБ-лардың мүмкінндігін шектейді деп ойлаймын. Мысалы, банктерге қолданатындай нормативтерді қолданса, капиталдың 50 пайызын мемлекеттік құнды қағаздарға салу керек болады. Онда табысы да төмен болады. Ал табысы аз болса, салымшылар Ұлттық банктің басқаруына қайтып келуі мүмкін, - дейді экономист.

Осыған дейін Қазақстанның инвестиция тартудың жаңа кезеңіне қадам басқаны туралы жаздық.