Ұлттық банк шілдеде Ұлттық қордан 200–300 млн доллар сатуды жоспарлап отыр

АСТАНА. KAZINFORM — Маусымда Ұлттық қордан валюта сатылымы 200 млн долларды құрады, деп хабарлайды банктің баспасөз қызметі.

Коллаж: Kazinform; Freepik

Маусым айының қорытындысы бойынша теңге бағамы 1 АҚШ доллары үшін 479,98 теңгеге дейін 1,3%-ға нығайды. Қазақстан қор биржасындағы бір күндік сауда-саттықтың орташа көлемі бір айда 392 миллионнан 369 млн АҚШ долларына дейін төмендеді. Ал жалпы сауда-саттық көлемі 8,1 млрд АҚШ долларына жетті.

Маусым айында биржа нарығында Ұлттық қордан 200 млн АҚШ доллары көлемінде валюта сатылды. Ұлттық қордан сатылған көлемнің үлесі жалпы сауда-саттық көлемінің 2,6%-ын немесе күніне шамамен 9 млн АҚШ долларын құрады.

Жыл бойы бюджеттік түсімдер мен шығыстардың біркелкі болмайтынын ескере отырып, 2026 жылғы маусымнан бастап Қаржы министрлігіне берілетін трансферттер республикалық бюджеттің нақты қажеттілігіне қарай бөлінеді.

Бұл тетік Ұлттық қордан сатылатын трансферттердің жалпы көлемі валюта нарығында Ұлттық банк тарапынан жыл соңына дейін біркелкі қалыпта «айналанатынын» көрсетеді.

Осы мақсатта Ұлттық банк маусым айында Ұлттық қордан 460 млн АҚШ долларын сатып алды. Бұл қаражат Ұлттық қор операцияларын «айналау» тетігі аясында 2026 жылдың соңына дейін ішкі валюта нарығында біркелкі сатылады.

— Биржа нарығында Ұлттық банктің Ұлттық қордан шілде айында сататын валюта көлемі 200-ден 300 млн АҚШ долларына дейінгі аралықты құрамақ. Маусым айында айналау операциялары аясында шамамен 354 млрд теңге айналымнан алынды. 2026 жылғы ІІІ тоқсан ішінде осы тетік аясында шамамен 1,1 трлн теңгеге балама сомаға шетелдік валюта сатылады деп жоспарланып отыр. Ұлттық банк Ұлттық қор қаражатымен операция жүргізгенде де, айналау тетігін іске асырғанда да нарықта бейтарап болу қағидатын қатаң ұстанады. Маусым айында Ұлттық банк тарапынан валюталық интервенциялар жүргізілген жоқ, — делінген банктің хабарламасында.

Квазимемлекеттік сектор субъектілері өздерінің валюталық түсімдерінің бір бөлігін міндетті түрде сату талабы аясында өткен айдың қорытындысы бойынша сатылған валюталық түсімнің көлемі шамамен 423 млн АҚШ долларын құрады.

БЖЗҚ-ның зейнетақы активтеріндегі валюталардың үлесін тұрақты ұстап тұру үшін Ұлттық банк маусым айында биржадағы сауда-саттық кезінде шетелдік валюта сатып алды. Оның жалпы сомасы 92 млн АҚШ долларын немесе жалпы сауда-саттық көлемінің 1,2%-ға жуығын құрады. Алдағы уақытта бұған қатысты шешімдер зейнетақы активтерін инвестициялық басқару аясында нарықтағы ахуалға қарай қабылданады.

Ұлттық банк ашықтық қағидаты аясында валюта нарығындағы барлық операция туралы ақпаратты алдағы уақытта да толық жариялап отырады. Қысқамерзімді келешекте теңге бағамының динамикасы нарыққа қатысушылардың күтулеріне, тоқсандық салық төлемдеріне, әлемдік нарықтағы ахуал мен геосаяси жағдайдың өзгеруіне байланысты қалыптасады. Ұлттық банк қаржылық теңгерімсіздікке жол бермейтін және алтын-валюта резервтерінің сақталуын қамтамасыз ететін икемді бағам белгілеу режимін ары қарай да ұстана береді.

Бұдан бұрын Ұлттық банк цифрлық теңге айналымын 1 трлн теңгеге жеткізетінін жазғанбыз.