Ұлттық киімді сәнге айналдыру мақсатында арнайы жұмыс тобы құрылды

Фото: Фото: Мақсат Шағырбаев/ Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанда ұлттық киім үлгісін қоғамға енгізу және жастар арасында сәнге айналдыру бойынша арнайы жұмыс тобы ұсыныстар әзірлеп жатыр. Бұл туралы Мәдениет және ақпарат министрлігінің агенттік жолдаған сауал жауабында айтылған.

— Ұлттық киімдерді дәріптеу мен жаңғырту еліміздің мәдени құндылықтарын сақтап, жастардың ұлттық болмысты тануына жол ашу бағытында маңызды. Осы мақсатта бірнеше бастама қолға алынды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2024 жылғы 15 наурызда Атырау қаласында өткен ұлттық құрылтайда берген хаттамалық тапсырмасының 3.7-тармағына сәйкес ұлттық стильдегі киім кию тәжірибесін ілгерілету және танымал ету жөнінде тапсырма берілді. Аталған тапсырма аясында ұлттық киім үлгісін қоғам өміріне енгізу және жастар арасында сәнге айналдыру бойынша ұсыныстар әзірлеу үшін еуразиялық дизайнерлер одағының төрағасы Ермек Асылханов, танымал дизайнер Қайролла Әбішев, этно-дизайнерлер одағының төрағасы К. Көдеков тағы басқа белгілі дизайнерлер қатарынан арнайы жұмыс тобы құрылды. Өз кезегінде жұмыс тобы мәдениет, білім беру және сол сияқты әлеуметтік сала қызметкерлері үшін ұлттық колорит пен ою-өрнек элементтері бар костюмдердің эскизін әзірлеп, мүдделі мемлекеттік органдарға ұсыныс ретінде жолдады, — деп жауап берді Мәдениет және ақпарат вице-министрі Қанат Ысқақов. 

Оның айтуынша, бүгінде ел аумағында ұлттық киім кию практикасы жүйелі жолға қойылған.

— Өткен жылдан бері Мемлекет басшысының тапсырмасымен Наурыз мейрамының онкүндігі тұжырымдамасы аясында «Ұлттық киім» күні деп жарияланып, еліміздегі мемлекеттік органдар мен ұйымдар қолдау білдіріп келеді. Бірқатар мемлекеттік орган мен кәсіпорын аптаның белгілі бір күні, жоғары оқу орындарда әр бейсенбі ұлттық киім күні болып жарияланып, қызметкерлер мен білім алушылар ұлттық киім киіп келу дәстүрін қолға алған. Бұл бастама ұлттық бірегейлікті сақтауға және күнделікті өмірде ұлттық құндылықтарды жаңғыртуға бағытталып отыр. Отандық дизайнерлер мен сән үйлері ұлттық элементтерді заманауи сәнмен үйлестіріп, жаңа топтамалар шығарып жатыр. Бұл киімдер түрлі сән апталықтарында көрсетіліп, ұлттық киімді жаңа тұрғыдан қайта тануға мүмкіндік беріп келеді. Мәселен, Астана қаласы мен Павлодар және Ақтөбе облыстарында 2023 жылдан бері «Taқия-fest» фестивалі тұрақты өткізіліп келеді. Әлеуметтік желілер мен ақпарат құралдарында ұлттық киім туралы бейнероликтер, танымдық мақалалар мен фотожобалар жарияланып, ұлттық киім жайлы ақпарат кең аудиторияға насихатталып жатыр. Бұл бағыттағы жұмыстар әрі қарай жалғасады, — дейді ол.

Биыл «Наурызнама» онкүндігі аясында «18 наурыз — ұлттық киім күні» еліміздің барлық аумағында ұлттық киімдер шеруі өтті.

— Атап айтқанда, Ақтау қаласында 5 мыңнан астам адамның, Атырау қаласында 3 мыңнан астам адамның қатысуымен ұлттық киім шеруі, Көкшетау қаласында 1 600 әйел қатысқан кимешектер шеруі (Қазақстанның Гиннес рекордтар кітабына енді) өтті. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 10 есе өскенін көрсетті. Министрлік мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп қоғамда, соның ішінде жастар арасында ұлттық киім кию үрдісін күнделікті әдет пен қалыпқа айналдыру бағытында түрлі шаралар қабылдап келеді, — деп толықтырды министрдің орынбасары.

Сондай-ақ министрлік ұсынған мәліметке сүйенсек, еліміздің жоғары оқу орындарында ұлттық киім кию тәжірибесі тәрбиелік іс-шаралар арқылы дәріптеліп жатыр.

— «Дәстүрлі киім нені білдіреді?», «Қазақ ұлттық киімі: шығу тегі мен болашағы» секілді кураторлық сағат өткізіледі. «Ұлттық киім күні» және «Наурыз» мерекесі аясында «Ұлттық киім — ұлттың көрінісі», «Ethno Kun», «Баян сұлу мен Қозы Көрпеш» байқаулары, «Үздік ұлттық киім» конкурстары, «Ұлттық киім — ұлттың көрінісі» көрмелері және «Nauryz Fest» фестивальдері ұйымдастырылады. Сол сияқты мектепке дейінгі және орта білім беру ұйымдарында «Біртұтас тәрбие бағдарламасы» жүзеге асырылып жатыр. Бағдарламада бұл саланың барлық даму бағыттары қамтылған, оның ішінде ұлттық киімді кию тәжірибесін енгізу және насихаттау іс-шаралары қарастырылған, — делінген хабарламада.

Айта кетсек, биыл Бурабайда өткен ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев болмысымыздың маңызды көрінісі ұлттық киімді жан-жақты дәріптеу керектігін айтқан еді. 

— Бет-жүзді тұмшалайтын қара киімнен гөрі өзіміздің ұлттық киімдеріміз әлдеқайда артық, — деді Президент. 

Еске салайық, елімізде Ұлыстың ұлы күні әз Наурызды тойлау аясында 18 наурыз «Ұлттық киім» күні болып белгіленген. Осы орайда Kazinform тілшісі қазақ мәдениетінің маңызды және ажырамас атрибуты іспеттес ұлттық киімдерге талдау жасаған еді.