Ұлттық киімдегі әр өрнек, әр ою жұртымыздың әдеп-ғұрпының айнасы — өскемендік тігінші

ӨСКЕМЕН. KAZINFORM — Өскемендік Әйгерім Жақиярова қазақы нақыштағы киімдерді әртүрлі стильдегі киім-кешекпен сәтті үйлесетіндей етіп тігумен айналысады. Өзі де үнемі ұлттық киім киіп, мәдениетіміз бен салтымызды дәріптеп жүр.

Фото: Әйгерім Жақиярованың жеке мұрағатынан

Қызығушылығын кәсіпке айналдырды

Әйгерім Жақиярова ең алғаш әжесінің ескі тігін машинасымен пердені қысқартып көрген. Қолынан келетінін сезіп, содан тігіншілікке қызығушылығы ауыпты. 

— Соңғы жылдары ұлттық нақыштағы киімдер ел арасында үлкен сұранысқа ие бола бастағандықтан, күнделікті образдармен және кешкі көйлектермен де үйлесіп тұратын универсалды қазақи қажекей тіккім келді. Тек Наурыз мейрамында ғана емес күнделікті киіп жүрсек екен деген ниетіммен қызығушылығым ашылып, басқа да идеялар қосылып, әртүрлі стильде қажекейлер тіге бастадым, — дейді ол.

Фото: Әйгерім Жақиярованың жеке мұрағатынан

Жеке хоббиі бірте-бірте табыс көзіне айналған. Тіккен киімдерін әлеуметтік желі арқылы саудалап, тапсырыстар ұдайы түсе бастаған. Кейіпкеріміз өз сөзінде бір киімді тігу процесі қалай өтетіндігін айтып берді.

— Ең әуелі мата таңдап аламын. Сосын сәйкес жіп тауып, матаны өңдеймін. Үтіктеп, қажет болса жуып, дублериндау қажет. Одан соң лекалосын дайындап, пішіп, көктеп, машинкамен тігіп, әр тігісін үтіктеймін. Айтып отырғаным, тек базалық жұмыс қана. Негізінен барлығы матаның түріне байланысты ғой, — дейді тігінші.

Жұмысқа кіріскенде бірінші қажекейді тігіп көреді. Себебі тігіп болған соң дайын өнімге сызатын оюды таңдау оңайырақ болады. Ол талғам мен шығармашылыққа байланысты келеді.

— Кежуал, стрит стайлдармен киіп, жеңіл, әдемі қылып, әртүрлі стильдегі киімдермен үйлестіре көрсету арқылы жастарды ұлттық киімге қызықтыра аламыз ба деп ойлаймын. Себебі ұлттық киім — ата-бабамыздан қалған, халықтың тарихын, мәдениетін көрсететін мұра. Сондықтан оны өскелең ұрпаққа насихаттай беруіміз керек. Ұлттық киімдегі әр өрнек, әр ою, тіпті түстердің үйлесімі жұртымыздың әдеп-ғұрпы мен руханиятының айнасы, — дейді Әйгерім Жақиярова. 

Еске салсақ, осыған дейін Гонконгтағы қазақтар ұлттық мерекені тойлағаны жайлы жазғанбыз.