Бағдарлама Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтің бастамасымен 2024 жылы іске қосылды. Жобаға сәйкес Ұлттық қордың жыл сайынғы инвестициялық табысының 50 пайызы балалардың арнайы жинақтаушы шоттарына аударылады.
– Жинақталған қаражатты балалар 18 жасқа толғаннан кейін тұрғын үй сатып алуға немесе білім алуға пайдалана алады, – делінген Үкіметтің хабарламасында.
Бағдарлама іске қосылған алғашқы жылы оған 6,91 миллион бала қатысты. Сол кезде әрбір қатысушының шотына 100,52 АҚШ доллары көлемінде қаражат аударылған.
2025 жылы бағдарламаға қатысушылар саны 6,92 миллион балаға жетіп, бір балаға есептелген төлем көлемі 129,38 долларға дейін өсті.
Ал 2026 жылғы қорытынды бойынша қаражат 6,91 миллион баланың шотына аударылып, төлем мөлшері 130,71 АҚШ долларын құрады.
– Бағдарлама басталғаннан бері қатысып келе жатқан балалардың жинағы инвестициялық табысты қоса есептегенде 370,56 АҚШ долларына жетті, – деп хабарланды.
Үш жыл ішінде жоба аясында жалпы көлемі 2,3 млрд АҚШ доллары бөлінген.
Оның ішінде кәмелет жасына толған жастардың шоттарына 238,5 млн доллардан астам қаражат аударылды.
Бағдарламаны пайдалану көрсеткіштері де артып келеді.
– Бүгінде 297 мыңнан астам өтінім мақұлданған. Оның ішінде тұрғын үй жағдайын жақсартуға 187 мыңнан астам өтінім бойынша 33 млн доллардан астам қаражат бағытталды. Ал білім алуға 110 мыңнан астам өтінім мақұлданып, 19 млн доллардан астам қаржы жұмсалды, – делінген мәліметте.
Айта кетейік, Қазақстанда 6,9 миллионнан астам баланың құқығын қорғауға 1,3 трлн теңге бөлінді.