Ұлттық құндылықты ұрпағына сіңірген 20 отбасы «Мерейлі отбасы» лауреаты атанды

АСТАНА. KAZINFORM — Атадан қалған кәсіпті жалғап, ұлттық дәстүрді ұрпағының бойына сіңіріп жүрген отбасылар елге үлгі. Елордада өткен «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауы осындай өнегелі әулеттердің өмір жолын тағы бір мәрте көпшілікке танытты.

Фото: Солтан Жексенбеков/Kazinform

2014 жылдан бері ұйымдастырылып келе жатқан байқаудың биылғы кезеңінде өңірлерден іріктелген 20 отбасы лауреат атанды.

Фото: Солтан Жексенбеков/Kazinform
Фото: Солтан Жексенбеков/Kazinform
Фото: Солтан Жексенбеков/Kazinform

Олардың әрқайсысы еңбек жолымен, жетістігімен ғана емес, отбасылық дәстүрі мен ұрпақ тәрбиесіне деген жауапкершілігімен ерекшеленеді.

Фото: Солтан Жексенбеков/Kazinform
Фото: Солтан Жексенбеков/Kazinform

ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Жастар және отбасы істері комитетінің төрағасы Қайрат Қамбаровтың айтуынша, байқауда отбасының бір ғана мүшесінің жетістігі емес, тұтас әулеттің өмірлік ұстанымы мен ұрпақ сабақтастығына басымдық беріледі.

Фото: Солтан Жексенбеков/Kazinform

— Байқауға қатысатын отбасылар ауылдық, аудандық, қалалық және облыстық деңгейде іріктеледі. Олардың арасында белгілі бір кәсіпті бірнеше буын бойы жалғастырып келе жатқан әулеттер де, өнерімен, еңбегімен танылған отбасылар да бар. Біз үшін отбасының тек әке-шешесінің жетістігі емес, балалары мен немерелерінің де табысы маңызды. Себебі балаға берілген тәрбие мен отбасындағы өнеге келешек ұрпақтың қалыптасуына тікелей әсер етеді, — дейді Қайрат Қамбаров.

Фото: Солтан Жексенбеков/Kazinform

Байқаудың мәні де осында. Отбасының абыройы бір адамның жетістігімен шектелмейді. Ол — үлкеннің өсиетін ұстанып, кішінің бойына ізгілік дарытқан бірнеше буынның ортақ еңбегі.

Фото: Солтан Жексенбеков/Kazinform
Фото: Солтан Жексенбеков/Kazinform
Фото: Солтан Жексенбеков/Kazinform
Фото: Солтан Жексенбеков/Kazinform

Құрылтай депутаты Снежана Имашева да «Мерейлі отбасы» жобасының басты мақсаты осы құндылықтарды қоғамда кеңінен дәріптеу екенін айтады.

Фото: Солтан Жексенбеков/Kazinform

— Бұл байқау — еліміздегі отбасылық саясаттың маңызды жобаларының бірі. Оның негізгі мақсаты — отбасын нығайту, өзара сыйластықты, сүйіспеншілік пен қолдауды дәріптеу. Мұнда көпбалалы отбасылармен қатар, жас отбасылар да, түрлі салада жетістікке жеткен әулеттер де қатыса алады. Ең бастысы олардың отбасылық дәстүрді қалай сақтайтынына, ұрпақтар арасындағы байланысты қалай жалғастыратынына мән беріледі. Әр отбасының өзіндік тарихы мен ерекшелігі бар. Кейбір әулеттерде бірнеше буын дәрігер немесе ұстаз болса, енді бірі ұлттық дәстүрді ұрпағына аманат етіп келеді, — дейді депутат.

Осындай әулеттердің бірі — Маңғыстау облысынан келген Аманғали Бисемағанбетовтың отбасы. Бұл шаңырақта ата кәсіп пен ұлттық дәстүр бір-бірінен ажырамаған. Әулеттің үлкендері өмір бойы мал шаруашылығымен айналысып, Адай жылқысын өсіруге ден қойған. Бүгінде олардың ұрпақтары да осы істі жалғастырып, жылқы тұқымын асылдандыруға, ұлттық өнімдерді насихаттауға үлес қосып жүр. Әулетте он бала өсіп-өнген, қазір 45 немере мен 28 шөбере бар.

Фото: Солтан Жексенбеков/Kazinform

Оның айтуынша, отбасының жетістігі тек шаруашылықпен шектелмейді. Әулет мүшелері мұнай, білім, спорт салаларында да еңбек етеді. Ал дастарқаннан шұбат, құрт пен балқаймақ үзілмейді. Жақында Маңғыстауда өткен «Шұбат фест» фестивалінде олардың өнімі үздік шұбат номинациясын жеңіп алған.

— Ата-анамыз салт-дәстүрді берік ұстанған, өмір бойы мал шаруашылығымен айналысқан жандар. Бізге де сол тәрбиені сіңіріп, ұлттық құндылықтарды бойымызға дарытты. Біздің әулет Адай жылқысын өсіріп, асылдандырумен айналысады. Сонымен қатар шұбат, құрт, балқаймақ секілді ұлттық өнімдерімізді дайындап, халыққа ұсынамыз. Үйімізде шұбат үзілмейді, балаларымыз да осы тағамдарды тұтынып өсіп келеді. Меніңше, атадан қалған кәсіпті жалғастыру — тек күнкөріс көзі емес, кейінгі ұрпаққа аманат етілген мұра, — дейді Өсербай Бисемағанбетов.

Салтанатты рәсімге келген жиені Әйгерім Қойшиева да бала тәрбиесінде ата-әжеден көрген өнегені басты орынға қояды. Қалада тұрса да, балаларын әр демалыс сайын ауылға жіберіп, туыстарымен араласуына, мал шаруашылығымен танысуына жағдай жасайды. Атқа міну, үлкендерге көмектесу, ауыл тіршілігіне араласу секілді қарапайым әрекеттердің өзі баланың дүниетанымын кеңейтеді деп есептейді.

Фото: Солтан Жексенбеков/Kazinform

Әйгерімнің бала күнінен жадында сақталған тағы бір естелік — әжелерінің қолөнері. Бірі ши тоқуды үйретсе, енді бірі киіз басудың қыр-сырын көрсеткен. Жаз сайын киіз үй тігіліп, оның жабдықтарын әзірлеу отбасының үйреншікті тіршілігіне айналған.

— Мен балаларымның заманауи білім алғанын қалаймын. Ағылшын тілін үйреніп, робототехникамен айналысқаны да дұрыс. Бірақ сонымен бірге қазақы тәрбиені бойына сіңіруі керек. Сондықтан әр демалыста ауылға жіберуге тырысамын. Ол жақта балалар туыстарымен араласып, атқа мінуді, малға қарауды, үлкенге құрмет көрсетуді үйренеді. Өзім де ата-әжемнен ши тоқуды, киіз басуды көріп өстім. Қазір ойласам, бала тәрбиесінің ең үлкен мектебі — сол кісілердің өмірлік тәжірибесі мен ақылы екен, — дейді ол.

Отбасын қолдау мен оның берекесін арттыру тек қоғамдық байқаулар арқылы жүзеге аспайды. Мемлекет тарапынан да түрлі әлеуметтік санаттағы отбасыларға арналған қолдау шаралары қарастырылған. Снежана Имашеваның сөзінше, елімізде отбасыларды қолдаудың 130-ға жуық тетігі бар. Олардың қатарында әлеуметтік төлемдермен бірге жұмыспен қамту, білім алу және кәсіп ашуға жәрдемдесу шаралары да қамтылған.

Фото: Солтан Жексенбеков/Kazinform

Айта кетейік, бұған дейін, елімізде отбасылардың әл-ауқатын бағалау әдістемесі енгізілетінін хабарлаған едік.