Ұлттық құраманың формасы еркін саудаға шығарылмайды – Туризм және спорт министрлігі

АСТАНА.KAZINFORM – ҚР Туризм және спорт министрлігі интернетте Қазақстан ұлттық құрамасының ресми спорттық киіміне ұқсатып жасалған өнімдердің сатылып жатқаны туралы ескертті. Ведомство мемлекеттік рәміздері бар форма еркін саудаға шығарылмайтынын атап өтті.

Фото: ҚР Туризм және спорт министрлігі

ҚР Туризм және спорт министрлігінің баспасөз хатшысы Балым Адамиденованың айтуынша, өткен жылы ведомство алғаш рет ұлттық құрама спортшыларын Under Armour бренді шығарған жазғы және қысқы бірыңғай спорттық киім жиынтықтарымен қамтамасыз еткен.

– Қазақстан ұлттық құрамаларының мүшелеріне арнайы әзірленген сапалы кәсіби форма. Мемлекеттік рәміздері бар әрбір жиынтық спортшыларға жеке беріледі және еркін саудаға шығарылмайды, – деді ол.

Министрліктің мәліметінше, қазіргі уақытта түрлі интернет-платформаларда ұлттық құраманың ресми спорттық киіміне сыртқы көрінісі ұқсас және сол форманың атын жамылып сатылып жатқан өнімдер пайда болған.

Фото: ҚР Туризм және спорт министрлігі

Ведомство мұндай өнімдердің Қазақстан ұлттық құрамасының ресми формасына еш қатысы жоқ екенін атап өтті.

– Under Armour компаниясының түпнұсқа спорттық киімдерін, соның ішінде костюмдердің ұқсас үлгілері мен басқа да спорттық жабдықтарын брендтің ресми дүкендерінен сатып алуға болады. Алайда Қазақстанның мемлекеттік рәміздері және ұлттық құрамаға қатысты белгілері бар өнімдер бөлшек саудада сатылмайды, - деді ведомство баспасөз хатшысы.

Сонымен қатар Under Armour компаниясы да брендті заңсыз пайдалану және контрафактілік өнімдерді таратуға байланысты құқықтық шаралар қабылдап жатыр.

Министрлік азаматтарды осы ақпаратты ескеріп, Қазақстан ұлттық құрамасының ресми экипировкасы ретінде ұсынылып отырған жалған тауарларды сатып алмауға шақырды.

Айта кетейік, Қазақстанда бренд өнімдердің көшірмелерін жарнамалау мен сатуға шектеу енгізілген еді.