Қазақстанда бренд өнімдердің көшірмелерін жарнамалау мен сатуға шектеу енгізіледі

АСТАНА. KAZINFORM — 2024 жылы елімізде бөтен тауар белгісін заңсыз пайдаланудың 300-ге жуық дерегі анықталды. Бұл туралы ҚР Әділет министрі Ерлан Сәрсембаев мәлім етті.

қазақ
فوتو: anatili.kazgazeta.kz

Бүгін Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында депутат Қарақат Әбден нарықта белгілі бір таурлардың көшірмелерін саудалау өршіп тұрғанын айтты.

- Әлеуметтік желілерде, көбінесе Instagram платформасында бренд өнімдердің көшірмелері туралы жарнамалар тарап жатыр. Сатушылар өз жарнамаларында атақты брендтердің атын ашық айтып, «ресми дүкендерден емес, бізден сатып алсаңыз миллиондаған қаражатты үнемдейсіз» деп үгіттеп жатады. Сонымен қатар, контрафактілік өнімдерді сату деректері тіркелген. Сауда орындарында бренд тауарлардың көшірмелерін жиі көруге болады... Бұл салада бақылауды күшейту қарастырылған ба?, - деп сұрады депутат.

Өз кезегінде министр Ерлан Сәрсембаев осындай өнімдерді жарнамалау және бұл өнімдерді авторлық құқық иесінің келісімінсіз сату зияткерлік меншік құқықтарын бұзу санатына жататынын еске салды.

- Егер авторлық құқық иелері шағымданса, тиісті тексерулер жасалады. Екіншіден, былтыр елімізде бөтен тауар белгісін заңсыз пайдаланудың 300-ге жуық дерегі анықталды. Сонымен қатар, маркетплейстер мен басқа интернет-платформаларға тоқталсақ, осы жүйеде саудалауда тиісті мәселелер бар. Қазіргі кезде мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, мұндай өнімдерді жарнамалауға әрі сатуға шектеу енгізуге қатысты жұмыстар атқарылып жатыр, - деді ведомство басшысы.

Бұл шектеу авторлық құқық иелерінің шағымынсыз іске асырылатын болады.

Еске салсақ, былтыр Zara және OYSHO сауда белгілерінің иесі өнімдерін заңсыз пайдаланғаны үшін қазақстандық кәсіпкерді сотқа берді.

Бұдан бұрын хабарланғандай, бүгін Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне зияткерлік меншік мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды.

 

Соңғы жаңалықтар