Ұлттық құрылтай 16 заңның қабылдануына ықпал етті
АСТАНА. KAZINFORM — Мәжіліс депутаты, саясаттанушы, Ұлттық құрылтай мүшесі Самат Нұртаза «Jibek joly» радиосына сұхбат беріп, құрылтайдың тарихи және саяси маңызы, күтілетін шешімдер мен аймақтық күн тәртібі туралы пікрін білдірді.
Депутаттың айтуынша, Ұлттық құрылтай — әртүрлі әлеуметтік топ өкілдерінің Президентке тікелей үн қатуына мүмкіндік беретін алаң және оның құрамында қоғамның барлық саласының өкілі бар. Қазіргі кезеңде мұндай алаң өте қажет.
— Кейде қарапайым азамат – журналист болсын, шахтер болсын, мұғалім не дәрігер болсын, өз мәселесін жоғары деңгейге жеткізу үшін ұзақ бюрократиялық жолдан өтуге мәжбүр. Алдымен бас дәрігерге, одан орынбасарға, әкімдікке, ары қарай тағы түрлі деңгейлерге барады. Бұл уақытты да, күшті де алады. Ал Ұлттық құрылтайда қарапайым азамат пен Президенттің арасында, шын мәнінде, бір ғана адам бар. Ол – құрылтай мүшесі, сол саланың өкілі. Мысалы, ауылдағы қарапайым дәрігер құрылтай мүшесі болып отырған дәрігерге өз мәселесін жолдаса, ол оны көтеруге моральдық тұрғыдан міндетті, — деді С.Нұртаза.
Президент жылына бір рет арнайы уақыт бөліп, еліміздің әр өңірінде – Жезқазған, Түркістан, енді міне, қасиетті Қызылорда жерінде Құрылтай өткізеді. Сыр бойына келіп, қоғамдағы түйткілді, кейінге қалдыруға болмайтын мәселелерді тікелей тыңдап, назарға алады.
— Ең алдымен, бұл – тарихи дата. Қызылорда қаласының Қазақстан астанасы болғанына биыл 100 жыл толып отыр. Сыр бойындағы бұл қала – өте ерекше, таза әрі көрікті қалалардың бірі. Тіпті жеке пікірімше, еліміздегі ең таза үш қаланың қатарына кіреді. Сондықтан да Қызылорданың таңдалуы – өте орынды шешім. Оның үстіне, Президенттің келуі Қызылорда халқының да еңсесін көтеріп, өңір үшін маңызды мәселелер оң шешімін табады деген сенім бар, — деді депутат.
Мәжіліс өкілінің пікірінше, Құрылтайда парламенттік реформа тақырыбы көтеріледі. Қоғамда осы реформаға байланысты жаңа бастамалар, жаңа ұсыныстар айтыла ма деген үлкен үміт пен қызығушылық бар.
— Президенттен бұл жолы қоғам өте көп жаңалық күтіп отыр. Әсіресе референдум бола ма, болмай ма, бір палаталы парламент мәселесі, сондай-ақ басқа да жаңа бастамалар айтылады деген үміт бар. Сондықтан шешуші сәтке де аз ғана уақыт қалды деп ойлаймын. Оған қоса, болашақ ұрпақты қорғау, нашақорлыққа, лудоманияға қарсы күрес және жастардың идеологиясы мәселесі бар, — деп атап өтті Самат Нұртаза.
Бұған дейін Ұлттық құрылтай төрт рет өтіп, 16 заңның қабылдануына ықпал еткен. Мысал ретінде лудомания мәселесін айтуға болады. Бір кезде мектептердің маңында құмар ойындарды жарнамалайтын билбордтар тұрған еді, қазір олардың бәрі алынып тасталды. Сол сияқты нашақорлыққа қарсы күрес аясында вейп мәселесі көтерілді. Қазір вейп сататын дүкендерге қатысты да қатаң шектеулер енгізіліп жатыр.
Айта кетейік, 20 қаңтар күні Қызылорда қаласында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен Ұлттық құрылтайдың V отырысы өтеді.