Премьер-министрдің атап өтуінше, соңғы бес жылда Үкімет қабылдаған шаралар құс шаруашылығында айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізуге мүмкіндік берді.
— Бұдан бөлек, қазіргі уақытта отандық асыл тұқымды базаны кеңейту, репродукторлар құруды ынталандыру, асыл тұқымды материал сатып алуды субсидиялау, ғылыми зерттеулерді дамыту және білікті кадрлар даярлау бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Осылайша, отандық ғылыми әлеуетті дамыту басым бағыттардың бірі саналады. Қазіргі кезде құс шаруашылығы саласындағы зерттеулер Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университеті базасында жүргізіледі, — деді ол.
Оның дерегінше, соңғы бес жылда құс шаруашылығы саласындағы ғылыми зерттеулерді жүргізуге шамамен 540 млн теңге бөлінді.
— Нәтижесінде селекциялық әзірлемелер алынып, құс шаруашылығы технологияларын жетілдіру бойынша ұсынымдар дайындалды. Сондай-ақ қазіргі уақытта сынақтан өтіп жатқан жабдықтың эксперименттік үлгілері жасалды. Атап өту керек, құс шаруашылығы орталығын құру бойынша ұсыныс өзекті, саланың одан әрі дамуы отандық селекцияны ілгерілету және ғылыми әзірлемелерді енгізуді қоса алғанда, ғылыми зерттеулерге кешенді тәсілді зерделеуді қажет етеді. Осыған байланысты Ауыл шаруашылығы министрлігі Ұлттық құс шаруашылығы ғылыми-зерттеу орталығын құрудың орындылығын айқындау үшін жұмыс тобын құрды, — деді Премьер-министр.
Олжас Бектеновтің айтуынша, жұмыс тобы ғылыми және кадрлық әлеуетке, саланың сұранысына және жұмыс істеп тұрған ғылыми ұйымдардың мүмкіндіктеріне талдау жүргізеді.
— Осы жұмыстың қорытындысы бойынша басым ғылыми міндеттерді, ұйымдастырушылық жағдайларды және қаржыландыру көздерін ескере отырып, орталықты құрудың орындылығы туралы ұстаным қалыптастырылады, — деді Үкімет басшысы.
Бұған дейін Құрылтай депутаты Рәбиға Тоқсейітова Құс шаруашылығының ұлттық ғылыми-зерттеу орталығын құруды ұсынған еді.