Ұлттық музей мәртебесі зор жауапкершілік жүктейді – Ғалия Теміртон

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Мәдениет және өнер қызметкерлерін кәсіби мерекесінде еліміздегі ең басты үш музейге ұлттық мәртебе берілетіні белгілі болды. Оның ішінде ҚР Мемлекеттік орталық музейі бар. Ерекше мәртебе ұжымға зор жауапкершілік жүктейді. Бұл туралы ҚР Мемлекеттік орталық музейі директорының ғылыми жұмыстар жөніндегі орынбасары айтты.

Фото: ҚР Мемлекеттік орталық музейі

Ғалия Теміртонның айтуынша, «Ұлттық» мәртебе қызметі мәдениет саласында ерекше мәнге ие мемлекеттік мәдениет ұйымдарына және жекелеген кәсіби көркем, шығармашылық ұжымдарына беріледі.

Фото: ҚР Мемлекеттік орталық музейі

«Ол үшін кемінде жиырма бес жыл тұрақты жұмыс істеп, өз қызметінде кәсіпқойлықты, жұмыстың тиімділігі мен сапасын арттыру үшін инновациялар енгізіп отыруы, жеке ғимаратының болуы, халықаралық бағдарламалар мен жобаларға қатысуы, мұражай қорының құрамында ұлттық мәдени игілік болып табылатын мәдени құндылықтардың кемінде он пайызы енуі керек»,- дейді ол.

Сонымен қатар, ол отандық музей ісінің негізін қалаған, екі ғасырға жуық тарихы бар ҚР Мемлекеттік орталық музейінде 270 мыңнан астам материалдық және рухани мәдениет құндылықтары жинақталғанын айтты.

Фото: ҚР Мемлекеттік орталық музейі
Фото: ҚР Мемлекеттік орталық музейі

«РК Мемлекеттік Орталық музейі еліміздегі тарихы терең және ірі музейлердің бірі. Оның қор коллекцияларының жинақталу тарихы ХІХ ғасырдың 30-жылдары «Орынбор өлкесінің музейінен» бастау алады. 1921 жылғы ҚАКСР басшылық қаулысымен Орталық Қазақ өлкетану музейі құрылып, оған Орынбор өлкесі музейіндегі коллекциялардың бір бөлігі берілген. Музей 1929 жылы Қазақ автономиялық республикасының жаңа астанасы – Алматыға көшіп келіп, Вознесенский кафедаралды шіркеуінің ғимаратына орналасты. Биыл музейдің Алматыға қоныс аударғанына 95 жыл толады. 1944 жылы Қазақ КСР Орталық Мемлекеттік музейі деп аталды. Музейдің қазіргі ораналасқан ғимараты 1985 жылы архитектор Ю.Ратушный, З.Мустафин және Б.Рзагалиевтың арнайы жобасы бойынша салынып, бүгінгі күні Алматы қаласындағы көрікті архитектуралық ғимараттардың бірі саналады. Бүгінде музей қорында ежелгі дәуірлерден бастап тәуелсіз мемлекеттімізге дейінгі тарихынан сыр шертетін 270 мыңнан астам материалдық және рухани мәдениет құндылықтары жинақталып, алты экспозициялық залдар мен көрме галлереясы арқылы көрермендерге насихатталып жатыр»,- деді ол.

Фото: ҚР Мемлекеттік орталық музейі

Спикердің сөзінше, ерекше мәртебе ұжымға үлкен жауапкершілік жүктейді.

«Осынау қоғамдық мәнге ие «ұлттық» мәртебені алу Орталық музей ұжымы үшін зор қуаныш және бұл үлкен жауапкершілік жүктейді. Алдағы уақытта халқымыздың тарихы мен мәдениетін музей ісі арқылы өз елімізде ғана емес, шетелдерге де насихаттау жұмыстары жүйелі түрде жалғаса бермек. Сондай-ақ экспозициялық залдар қайта жаңғыртылып, мәдени-білім берудің жаңа форматы енгізіледі»,- деп атап өтті Ғалия Теміртон.

Фото: ҚР Мемлекеттік орталық музейі

Айта кетейік, музейде танымал тарихи тұлғалар – Ахмет Байтұрсынұлы, Әлкей Марғұлан, Әбілхан Қастеев, Әбусағит Жиреншин, Александр Бернштам, Юрий Домбровский, Владимир Даль, Николай Гаврилович Хлудов және тағы басқалары жұмыс істеген.

Фото: ҚР Мемлекеттік орталық музейі
Фото: ҚР Мемлекеттік орталық музейі
Фото: ҚР Мемлекеттік орталық музейі
Фото: ҚР Мемлекеттік орталық музейі
Фото: ҚР Мемлекеттік орталық музейі
Фото: ҚР Мемлекеттік орталық музейі
Фото: ҚР Мемлекеттік орталық музейі
Фото: ҚР Мемлекеттік орталық музейі

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ақордада өткен мәдениет және өнер қызметкерлерін марапаттау рәсімінде еліміздегі ең басты үш музейге ұлттық мәртебе берілетіндігін айтқан болатын. Осыған орай Мәдениет және ақпарат министрлігінен қай музейлер ұлттық мәртебе алатындығын анықтап білген едік.