Ұлттық нақыштағы киім мен әшекей сататын дүкенге инвестиция салған ақтөбліктер алданып қалды

АҚТӨБЕ. KAZINFORM — Қазіргі кезде 8 адам 72 млн теңгесінен айырылып отыр. Ал күдікті үйқамақта.

Фото: Скрин

Ақтөбе облыстық полиция департаменті тағы бір алаяқтық іс бойынша тергеуді бастады. «Бөрте» брендін дамытып отырған кәсіпкер адамдарды инвестор болуға шақырып, уәде еткен уақытта ақшаны мүлде қайтармай қойған.

— Ақтөбе облысының тұрғындары ұлттық нақыштағы киімдер мен әшекей сататын дүкеннің қызметі туралы Instagram әлеуметтік желісі арқылы білген. Дүкеннің әлеуметтік желідегі парақшасында брендті дамытуға және ілгерілетуге инвестиция салу арқылы жоғары табыс табуға болатыны туралы жарияланған. Кейін дүкен иесі де азаматтармен жеке кездесіп, өз брендіне қаржы салуды ұсынған. Ай сайын салған инвестицияның 10 пайызын беруге және белгілі бір уақыттан кейін салған ақшаны кері қайтаруға уәде еткен. Сондай-ақ дүкендегі кез келген тауарды сыйлық ретінде беретінін айтқан. Табыс табуды ойнаған адамдар өз қаржысын салған. Алайда уәде еткен төлемді бермеді, ақша иелеріне қайтарылмаған. Қазіргі уақытта қылмыстық іс бойынша 8 азамат жәбірленуші деп танылды. Келтірілген материалдық шығынның жалпы сомасы 72 миллион теңгеден асады, — деп хабарлады Ақтөбе облыстық ПД баспасөз қызметі.

Тергеу кезінде жәбірленуші саны артуы мүмкін. Бұл жолы полиция оларды Ақтөбе қаласы полиция басқармасына, яғни, Сәңкібай батыр даңғылы 24Р мекенжайы келіп, арыз жазуды сұрады. Қазір күдікті үйқамақта отыр.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, Ақтөбеде туристік агенттік басшысы ұсталды. Барлығы 70-тен астам адам алданғанын айтып, арыз жазды. Шығын 32 млн теңгеден асады.