Ұлттық парктегі фототұзақтар қалай орнатылады
АЛМАТЫ. KAZINFORM - Қазақстанның табиғи ұлттық парктерінде 400-ге жуық фототұзақ орнатылған.
Елімізде жабайы жануарларды зерттеу мен бақылау үшін ұлттық парктерде фототұзақтар орнатылады. Жасырын камералардың арқасында Қызыл кітапқа енген жануарлардың сирек кадрлары алынады. Көлсай көлдері ұлттық паркі директорының орынбасары Хамит Ахметовтың айтуынша, фототұзақтарды парктің арнайы дайындалған инспекторлары орнатып, шешіп алады.
- Бізде ұлттық парк директорының бұйрығымен бейнетұзақтарды орнату және ауыстыру бойынша 2024-2025 жылдарға жұмыс жоспары бекітілген. Сол бойынша сирек кездесетін жануарлардың жүру жолдары анықталғаннан кейін фототұзақтар орнатылады. Оларды Жануарларды молайту және қорғау бөлімінің мамандарымен бірге инспекторлар бірлесе отырып бейнетұзақтарды ауыстырып отырады. Бүгінгі күні парк аумағында 37 фототұзақ орнатылған, - деді ол.
Сондай-ақ ұлттық парк өкілі фототұзақ алынғаннан кейін ішіндегі кадрлар өңделіп, Зоология институтына жіберілетінін атап өтті.
- Фототұзақ онлайн режимде жұмыс істемейді. Инспектор оның ішіндегі флэшканы әкелгеннен кейін кеңседе кадрлар өңдеп, іріктеледі. Себебі ішінде мыңдаған кадр болады. Бір қар барысы он рет түсуі мүмкін. Сосын кадрларды Зоология институтына жібереміз, - деді Хамит Ахметов.
Жалпы Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің мәліметінше, еліміздің ұлттық парктерінде 400-ге жуық фототұзақ орнатылған.
Еске салайық, бұған дейін Көлсай көлдерінде күшіктерін ерткен қар барысы фототұзаққа түсіп қалғанын жазғанбыз.
Оған дейін Көлсай көлдері ұлттық табиғи паркінде қар барысы мен Түркістан сілеусіні фототұзаққа түсіп қалған еді.