Ұлттық салт-дәстүр, әдет-ғұрыпты насихаттаушылардың мәртебесі қандай болуы керек - депутат

Фото: parlam.kz

АСТАНА. KAZINFORM – Мәжіліс депутаты Ерболат Сатыбалдин ұлттық салт-дәстүр мен әдет-ғұрыпты ұстануды насихаттаушылардың мәртебесін анықтау мәселесін көтерді.

Мәжілістің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінде «Материалдық емес мәдени мұраны қорғауды заңнамалық қамтамасыз ету туралы» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.

«Заң пайдалануға ыңғайлы болуы керек, сондықтан негізгі материалдық емес мәдени мұраның ауқымын белгілеп алуымыз керек деп ойлаймын. Тізімдері бар шығар, бірақ бәрін біріктіріп оны қай жерде пайдаланады осы заңда толық көрінуі керек. Заңды міндетті түрде өкілетті орган жүргізіп отырады, бірнеше министрлік болатын болса, олардың арасындағы міндеттерді толық, айқын жазылуы тиіс, себебі ертең «атқа жемді кім салады» деген осы жерден туындап қалуы мүмкін. Одан кейін бұл салт-дәстүр, әдет-ғұрыпқа қатысты болғаннан кейін оны насихаттаушының мәртебесін анықтап, қоғамдағы белгілі бір рөлін белгілеп алуымыз керек», - деді Ерболат Сатыбалдин іс-шара барысында.

Одан әрі халық қалаулысы мәдени мұраны қорғау мәселесін көтерді.

«Мысалы, жартылай жалаңаш біздің ұлттық киімімізді киіп алып, киіз үйде билеген қыздарға біз ештеңе істеген жоқпыз ғой, өйткені заң бойынша біз оларға ештеңе істей алмаймыз. Сондықтан бұл жерде қорғау мәселесі және біз оны қай деңгейде қорғаймыз, әкімшілік болмаса қылмыстық деңгейге дейін апарамыз ба, осы мәселелердің бәрін осы заңда егжей-тегжейлі қарап алуымыз керек», - дейді ол.

Еске салсақ, биыл киіз үйде қыздардың жартылай жалаңаш билеген видеосы әлеуметтік желіде тараған еді. Қазақтың киіз үйінде бейәдеп қылығымен масқаралағандардың әрекеті желі қолданушыларының ашуын келтірді.

Осы орайда Мәжіліс депутаты Самат Мұсабаев Бас Прокуратура мен Ұлттық Қауіпсіздік комитетінен аталған бейнероликке құқықтық баға беріп, нақты шара қолдануды сұрады.

Сондай-ақ Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева киіз үйде жартылай жалаңаш билегендердің видеосына қатысты пікір білдірді.

Кейін Бас прокуратура аталған жайтқа қатысты қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады.