Ұлттық тауарлар каталогы 26,5 млн тауарды бірыңғай есепке біріктірді

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанда мемлекеттік сатып алу, кедендік әкімшілендіру, статистика, фискалдық чектер және электрондық шот-фактуралар жүйелерінде тауарларды бірыңғай есепке алу үшін «Ұлттық тауарлар каталогы» енгізіліп жатыр. Бұл туралы Қаржы вице-министрі Әсет Тұрысов мәлімдеді.

Фото: Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі

Оның сөзінше, қазір әртүрлі салаларда тауарларға қатысты бірнеше бөлек анықтамалық қолданылады. Бұл деректердің қайталануына, тауарлардың әртүрлі жіктелуіне және есепке алу мен талдаудың күрделенуіне себеп болып отыр.

Осы мәселені шешу үшін жасанды интеллект технологиялары негізінде «Ұлттық тауарлар каталогы» (ҰТК) мемлекеттік деректер базасы әзірленді.

Вице-министрдің айтуынша, каталог тауарларды NTIN/GTIN кодтары арқылы бірыңғай сәйкестендіруге мүмкіндік береді. Сондай-ақ ол мемлекеттік органдар мен бизнес үшін тауар деректерінің эталондық көзі болып саналады. Қазіргі уақытта жүйеде шамамен 26,5 миллион тауар түрін қамтылған.

- Ұлттық тауарлар каталогы негізгі экономикалық бағыттарға кезең-кезеңімен енгізіліп жатыр. Жүйе мемлекеттік сатып алу және жоспарлау платформаларымен, кедендік декларациялау жүйесімен, электрондық шот-фактуралармен, маркетплейстермен, тауар есебін жүргізу жүйелерімен, сауда желілерімен және фискалдық деректер операторларымен интеграцияланған, – деді Әсет Тұрысов.

Оның айтуынша, бұл шешім тауарларды бірізді сәйкестендіруге жағдай жасайды. Нәтижесінде деректер сапасы артып, елде тауар есебінің бірыңғай цифрлық кеңістігі қалыптасады.

Айта кетейік, бұған дейін салық жүйесіндегі 14 ақпараттық платформа 5 негізгі жүйеге біріктірілгені жайлы хабарладық.