ОРАЛ. KAZINFORM - Ұлттық тестілеу орталығының қызметіне заңсыз араласқан Орал қаласының екі тұрғыны сотталды.
ҚР ҰҚК баспасөз қызметінің мәліметінше, Орал қаласы сотының үкімімен ҚР Қылмыстық кодексінің 206, 250 және 198-баптарында көзделген қылмыстарды жасағаны үшін аталған екі азаматтың әрқайсысы 2 жыл 6 айға бас бостандығынан айыру жазасына кесілді.
«Сондай-ақ олар коммерциялық ұйымдарда 5 жыл мерзімге басшылық лауазымдарды атқару құқығынан айырылды. Үкім шығаруға ҰҚК-нің іс жүргізу материалдары негіз болды. Анықталғандай, сотталушылар 2021-2022 жылдары Қазақстан Ғылым және жоғары білім министрлігі Ұлттық тестілеу орталығының заңмен қорғалатын ақпаратына қол жеткізіп, көшірген. Үкім заңды күшіне енді», - деп хабарлады ведомстводан.
Еске салсақ, бұған дейін Оралда екі қабатты мейрамхананың шатыры өртенгенін жазған едік.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).