Ұлттық ұлан сарбаздары адасып кеткен павлодарлық баланы тауып, отбасына табыстады
ПАВЛОДАР. KAZINFORM - 5512 әскери бөлімінің жасағы Павлодар қаласы Солтүстік полиция бөлімі ауданында адасып кеткен баланы тауып, отбасына аман-есен табыстады.
Түні сағат 22.45 шамасында әскери жасақ көшелерді патрульдеу кезінде 12 жастағы баланы байқап қалады. Жасөспірім өз үйін таба алмай, көшеде жалғыз жүрген.
- Баланың Айманов көшесі бойындағы көпқабатты үйлердің бірінде тұратыны белгілі болды. Ол сағат 18.00-де үйінен ойнауға шығып, кейін адасып кеткен. Әскери жасақ баланың жағдайын анықтап, №1 полиция учаскесіне жеткізді. Тәртіп сақшылары оның туыстарымен байланысқа шығып, көп өтпей баланы әкесіне тапсырды, - деп хабарлады «Шығыс» өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметінен.
Өз кезегінде павлодарлық азамат ұлын аман-есен тауып бергені үшін 5512 әскери бөлімнің әскери жасағы мен полиция қызметкерлеріне алғыс білдірді.
Еске сала кетейік, Павлодарда Ұлттық ұланның қару-жарағы мен әскери техникасы тексерілді.