Ұлттық құрама капитаны Асланбек Шымбергенов қарсыласын екі рет нокдаунға жіберді
ТАШКЕНТ. ҚазАқпарат – Ташкент қаласында ерлер арасында өтіп жатқан бокстан әлем чемпионатында ұлттық құрама капитаны Асланбек Шымбергенов жартылай финалға шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Фото: instagram.com/boxingkazakhstan
Асланбек Шымбергенов 71 келіге дейінгі салмақта франциялық Макан Траоремен жұдырықтасты.
Траоре осы біріншілік барысында әлем чемпионы, жапониялық Севон Окадзаваны жеңген еді.
Бірінші раундты сенімді өткізген Асланбек қарсыласын нокдаунға жіберді. Екінші кезеңде тағы бір нокдаун есептелді. Қорытынды есеп – 5:0.
Осылайша, қарсыласын айқын басымдықпен ұтқан Асланбек Шымбергенов Қазақстаннан алғашқы болып жартылай финалға жолдама алды.
Бұл – кемінде қола жүлде қалтада деген сөз.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Қытай құрамасындағы қазақ боксшысы әлем чемпионатында қарсыласын нокаутпен ұтқанын жазған едік.
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).