Ұлттық құрылтайда рухани мәселені қарау керек - Еділ Жаңбыршин

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Ұлттық құрылтайда кенже қалған рухани мәселені қарау керек. Бұл туралы «Ұлттық құрылтай – қоғамдық диалогтың жаңа моделі» атты «Sarap» эксперттік клубының отырысында Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршин мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Президент өзінің Жолдауында құрылтайды құру жөнінде мәселе көтерді. Шынында да Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі белгілі бір дәрежеде біраз шаруаны атқарды. Енді осы кеңестің орнына құрылтайды құру жөніндегі мәселе талқыланып жатыр. Құрылтай не үшін керек? Менің ойымша, ол біздің тарихымызда бар, яғни мемлекет үшін өте маңызды мәселелер қаралатын кезде, оны ел болып шешетін кезде халқымыз құрылтай жинайды. Үлкен құрылтайдың негізінде халықпен бірлесіп, ортақ мәмлеге келіп, жаһандық мәселелерге шешім жасалған», - деді Е. Жаңбыршин.

Осы орайда ол қоғамда ауқымды трансформациялар болып жатқанын айтты.

«Кешегі қаңтар оқиғасынан кейін халық Қазақстанның дамуына екпін қойып отыр. Негізі, 30 жыл бойы қордаланып қалған саяси-экономикалық, әлеуметтік мәселелер бар. Қаңтарда қарапайым халықпен де, елдің ортасында жүрген ақсақалмен де, саяси тұлғалармен де кездескен кезде барлығы өзгерістерді талап етті. Сондықтан осының барлығын ел де, халық та, билік те жақсы түсініп отыр», - деді депутат.

Бұл тұрғыда ол «халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының маңыздылығын атап өтті.

«Құрылтайды құру үшін маңызды мәселелерді айқындап алу керек. Біріншіден, оның мақсаты қандай? Екіншіден, оның міндеттері қандай болады? Біз құзыреттерді қайталамауымыз керек. Үшіншіден, оның саны мен сапасы қалай болады? Төртіншіден, күн тәртібіне қандай мәселелерді енгіземіз? Төртіншіден, құрылтай жиынын өткізу мерзімі де маңызды. Сондықтан осындай ірі мәселелерді шешіп алу қажет. Құрылтайдың ең басты мақсаты – Қазақстан халқына қажетті тақырыптарды күн тәртібіне шығару. Осы құрылтай бізде кенже қалған рухани мәселені қарау керек деп санаймын. Себебі біздің мемлекетіміздің ұйытқысы – ұлттық идеологиямыз. Сол мәселе әлі күнге дейін шешілмей келе жатыр. Осы мәселелер қамтылмаса, саясат та, экономика да, әлеуметтік мәселе де өз деңгейінде шешілмейді, сондай-ақ әділетті қоғамды да құра алмаймыз», - деді Еділ Жаңбыршин.

Еске сала кетейік, биыл наурыз айындағы Жолдауында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұлттық құрылтай құруды ұсынды.