Ұлттық парктерде экологиялық туризмді дамытуға көңіл бөлініп отыр

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – «Жасыл Қазақстан» ұлттық жобасы әзірленеді. Бұл туралы Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің алқа мәжілісінде осы ведомствоның вице-министрі Ерлан Нысанбаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Вице-министр ұлттық парктерде экологиялық туризмді дамытуға көп көңіл бөлінгенін атап өтті. Осы жұмыстар аясында 2025 жылға қарай ұлттық парктердің Алматы тобына жеке инвестициялардың көлемі 31 млрд теңгені құрайды. Ұлттық парктердің рекреациялық жүктеме нормаларын ескере отырып, туристердің күтілетін ағыны 2 млн адамнан асады деп күтіліп отыр.

«Биыл орман шаруашылығын дамыту және ерекше қорғалатын табиғи аумақтар саласында комитеттің алдында тиісті міндеттер қарастырылған. Бірінші кезекте - «Жасыл Қазақстан» ұлттық жобасын әзірлеу. Оның аясында орман шаруашылығын, ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды дамытуға және биоәртүрлілікті сақтауға арналған бөлімдер қарастырылады», - деді Нысанбаев.

Екішіден, ормандарды молықтыру және орман өсіру жөніндегі кешенді жоспарларды іске асыруды бақылау, оның ішінде министрліктің Геопорталы базасында ағаш отырғызу жұмыстарына мониторинг жүргізудің интерактивті картасын әзірлеу ескерілген.

Бұдан бұрын хабарланғандай, Қазақстанда 2019 жылмен салыстырғанда орманмен қамтылған алқап 188 мың гектарға ұлғайды.