НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Петропавл қаласының орталық алаңында жас курсанттардың әскери ант қабылдау рәсімі өтті. Академияға түскен 175 болашақ офицер Отанға адал болуға салтанатты түрде ант берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат Ұлттық ұлан баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Салтанатты іс-шараға өңірдің күш құрылымдарының басшылары, ардагерлер, болашақ офицерлердің ата-аналары мен жақындары қатысты. Отан қорғаушылар санатына енген курсанттарды Ұлттық ұлан Академиясының бастығы, полковник Артур Тоқышев құттықтады.
«Әрбір жауынгер ант қабылдай отырып, әскери қызметтің қиыншылықтарына төтеп беруге міндеттенеді. Анттың бұл талабы жауынгерлік еңбек барысында ерік-жігерді, өзіне деген сенімділікті, ұжымға деген сенімді шыңдау қажеттілігін білдіреді. Сіздердің әрқайсыларыңыздың лайықты білім алып, дағдыларыңызды іс жүзінде жүзеге асырып, мемлекетіміздің қорғаныс қабілетін нығайтуға зор үлес қосатындарыңызға сенім білдіремін!» - деді әскери білім ордасының басшысы.
Курсанттарға, сондай-ақ СҚО бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің бастығы, полковник Рустан Ахметжанов, Петропавл қалалық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Иманғали Татваев және Академия ардагерлер кеңесінің төрағасы запастағы полковник Болат Қожахметов сәттілік тіледі.