Ұлттық ұлан баспасөз қызметінің хабарлауынша, сапар барысында қазақстандық делегация Құрмет аллеясына табан тіреп, Шахидтер аллеясын аралап, «Мәңгілік от» мемориалына және Әзербайжан елінің көсемі Гейдар Әлиевтың қабіріне гүл шоқтарын қойды.
Содан кейін генерал-лейтенант Руслан Жақсылықов бастаған делегация мүшелері алдымен Әзербайжан Ішкі істер министрі генерал-полковник Рамиль Усубовпен, кейін Әзербайжан ішкі істер министрінің орынбасары - ішкі әскер қолбасшысы, генерал-лейтенант Шахин Мамедовпен кездесті.
Кездесу аясында Ш.Мамедов Қазақстан Ұлттық ұланы мен Әзербайжан Ішкі әскері арасындағы қарым-қатынастың маңыздылығына тоқталды. Сонымен қатар, осындай жылы шырайлы кездесулер екіжақты ынтымақтастықты одан әрі кеңейтуге ықпал ететініне сенім білдірді.
Генерал-лейтенант Р.Жақсылықов өз кезегінде қонақжай көңілмен құшақ жая қарсы алған әзірбайжандық әріптестеріне алғысын білдіріп, екі ел арасындағы байланыстың, оның ішінде құқықтық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселесіндегі қарым-қатынасты нығайтудың маңызына тоқталды.
Екіжақты кездесу барысында басқа да мәселелер қаралды. Соның ішінде, әзербайжандық тарап жауынгерлерінің қазақстандық «Күрең берет» кию құқығына арналған біліктілік сынақтарына қатысуы, арнайы мақсаттағы бөлімшелерді жауынгерлік және әдістемелік дайындау орталығында оқыту, таудағы дайындықта тәжірибемен алмасу және несие бағдарламалары арқылы Ұлттық ұлан жауынгерлерінің баспана мәселесін шешуге бағытталған тәжірибесін зерттеу мәселелері сөз етілді.
Қазақстандық делегация арнайы-тактикалық оқу-жаттығуға қатысып, Әзербайжан Ішкі әскері Жоғары мектебін, Баку қаласындағы әскери бөлімді, Гейдар Әлиев орталығын, Әзербайжан елінің тарихи және мәдени ескерткіштерін аралады.
Шара қорытындысы бойынша 2019-2020 жылдарға арналған екіжақты әскери ынтымақтастық Жоспарын бекіту мен жетілдіру бойынша және құрылуы тиіс «Құқық қорғау органдарының әскери ведомствалары және әскери мәртебесі бар құқық қорғау органдарының Еуразиялық қауымдастығы» ұйымы аясында жұмысты одан әрі жалғастыру бойынша келісімдер мақұлданды.