Ұлттық ұлан сарбаздары кәсіби мерекесін атап өтті

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Ұлттық ұланның жеке құрамы кәсіби мереке – құқықтық тәртіп әскерінің құрылған күнін атап өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Айта кетейік, осыдан 28 жыл бұрын 1992 жылдың 10 қаңтарында Қазақстан Республикасы ІІМ Ішкі әскерлері құрылды, ал 2014 жылдың 21 сәуірінде олар Ұлттық ұлан болып қайта құрылды. 2015 жылдың 10 қаңтарында «ҚР Ұлттық ұланы туралы» Заңға қол қойылды.

Осы датаға орай Бас қолбасшылықта өткен салтанатты шарада генерал-лейтенант Руслан Жақсылықов ардагерлер мен әскери қызметшілерді әскердің 28 жылдығымен құттықтады. Шара барысында жауынгерлік міндетін адал орындап, үлгілі қызметімен ерекшеленген бірқатар әскери қызметші ІІМ және Бас қолбасшы бұйрығымен марапатталды.

Сондай-ақ, құқықтық тәртіп әскерінің төл мерекесіне орай «Қазақстан» орталық концерт залында Ұлттық ұлан Ән-би Ансамбілінің Гала-концертін ұйымдастыру дәстүрге айналды.

Бүгінгі таңда ансамбль музыканттары мен солистерінің орындауындағы әскери – патриоттық әндер еліміздегі барлық маңызды шаралардың келбеті бола білді. Әскери тақырыпқа байланысты бірде-бір концерт ұландық өнерпаздардың қатысуынсыз өтпейді. Ұлттық ұлан ән-би Ансамблі мемлекетіміздің орталық залдарында Гала-концерт беретін бірегей әскери-музыкалық ұжым.


Биыл музыканттар: «Мәңгілік ел – мұратымыз!» ұранымен осымен он екінші рет жанды дауыстарымен өз көрермендерін қуантты.

Айтып өту керек, бүгін ұландықтар өз өнерімен еліміздегі маңызды әрі мерейтойлық даталарды атап өтуді бастады. Алтын орданың 750 жылдығы, философ-ғалым, Шығыс ғұламасы Әл-Фарабидің 1150 жылдығы, қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбаевтың 175 жылдығы, Ұлы Отан соғысындағы Ұлы Жеңістің - 75 жылдығы, Қазақстан Республикасы Конституциясының 25 жылдығы іспетті ел тарихындағы маңызды даталарды өздерінің көркем қойылымдарында көрермендерге паш етті.


Концерттік бағдарламада еліміздің еңбек сіңірген қайраткерлері мен қазақстандық эстрада жұлдыздары, халықаралық байқау лауреаттары: Еділ Құсайынов, Маржан Арапбаева, Ғайни Жұмашева, Мұрат Қожа, Мұрат Нұрғазиев, Жеңіс Сейдоллаұлы, Виктор Яшновский, Естай Мұқашев және тағы басқалары көрермендерді өнерімен тәнті етті.

Алғашқы болып, концерттік оркестр, актерлік құрам, қосымша құрамы «Алтын орда» прологымен концерттік бағдарламаны бастады. Сонымен қатар, «Абай сөзі» поэтикалық композиция ұлы ақынға көрсетілген құрмет болды. Ал, ақынның «Желсіз түнде, жарық ай» әні ұландық өнерпаздармен нақышына келтіріліп орындауы көрермендердің ыстық ықыласына бөленді.

Концерттік зал сахнасында елжандылық рухы мен ұрпақтар сабақтастығына толы майдан және әскери әндер орындалады. Сондай-ақ, көрермендер заманауи эстрадалық музыкаларды естіп, театрландырылған көріністерді, ұландық бишілердің билерін және «Спасская башня - 2019» Халықаралық әскери - музыкалық фестиваль қатысушылары Ұлттық ұлан Құрмет қарауыл ротасының орындауындағы қарумен дефилені тамашалады.