ОРАЛ. ҚазАқпарат - ҚР Ұлттық ұланы «Батыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты 5548-әскери бөлім жауынгерлері Жаңаөзен қаласында жоғалған бес жасар баланы тапты, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.
«Батыс» өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, оқиға 18 сәуір күні 19 сағат 40 минут шамасында орын алған. «Шұғыла» шағынауданында өз үйінің ауласында ойнап жүрген баланың жоғалып кеткені жөнінде әскери топтар бойынша кезекші, аға лейтенант Азамат Жақасовқа рация арқылы хабар түскен. Сол бойда барлық әскери топтар қаланың шағынаудандарында іздеу жұмыстарына кіріскен. 20 сағат 30 минут шамасында құрамында сержант Нұржан Темірбеков, қатардағы жауынгерлер Бақытжан Тұрабеков пен Орал Қаратай бар топ «Шұғыла» шағынауданындағы үйлердің бірінің ауласында жылап отырған баланы көрген. Келіп, сұрастырғанда, сол жоғалған бала болып шықты. Ұлттық ұлан жауынгерлері баланы таяу маңдағы полиция тірек пунктінде анасының қолына тапсырды. Шексіз қуанышқа бөленген анасы жауынгерлерге алғысын жаудырды.
Қырағылығы мен өз міндеттерін мінсіз орындағаны үшін аталған жауынгерлер ынталандыруға ұсынылды.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).