Ұлттық ұлан баспасөз қызметінің хабарлауынша, төменгі палата депуттары алдында Бас қолбасшы генерал-лейтенант Руслан Жақылықов Ұлттық ұлан қызметінің негізгі бағыттары, жаңа заңға сәйкес атқаратын міндеттері бойынша сөз қозғады. Әскери ведомство басшысы, сондай-ақ құқықтық тәртіп әскерінің табиғи, техногендік және әлеуметтік сипаттағы төтенше жағдайлар мен олардың салдарын жоюға, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметіне Мемлекеттік шекараны күзетуде жәрдем көрсетуге тікелей қатысатынын жеткізді. Отырыс барысында халық қалаулылары «ҚР Ұлттық ұланы» туралы жаңа Заңның орындалу мәселелерін, сонымен қатар патриоттық тәрбиені нығайту қызметінің басты бағыттарын талқылады.
Басқосуда «Армия генералы Сағадат Нұрмағамбетов» мерейлі медалімен Ұлттық ұлан Бас қолбасшы генерал-лейтенант Руслан Жақылықов және оның орынбасары генерал-майор Альберт Маткаримов марапатталды. Ұлттық ұлан авиациясының бас инженері полковник Сергей Кульбицкийге «Авиация генералы Талғат Бегелдинов» мерейлі медалі табыс етілді.
Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Мәулен Әшімбаев отырысты қорытындай келе, «Мәңгілік ел» патриоттық актінде көрініс тапқан идеялар Тәуелсіз Қазақстанның тұрақтылығы мен мемлекеттілігін нығайтуға ықпалын тигізетінін атап өтті.
Сапардың арнайы бөлімі аяқталған соң, депутаттар әскердің қару-жарақ және техника көрмесін тамашалады.