UMAI ANA форумы: әйелдер кәсібін қалай дамытып жүр

АСТАНА. KAZINFORM — Елордада еліміздің әр өңірінен кәсіпкер әйелдердің басын қосқан оныншы UMAI ANA форумы өтті. Жиында шағын бизнесті дамыту, табысты арттыру, жаңа технологияларды игеру мәселелері талқыланды. Kazinform агенттігінің тілшісі форумға қатысқан әйелдермен кәсіпке келу жолы, еңбек тәжірибесі мен бизнесте кездесетін қиындықтар туралы әңгімелесті.

Фото: Венера Жоламанқызы/Kazinform

Кәсіпкер әйелдерге қаржыдан бөлек не қажет

Биылғы форум кәсіпкер әйелдердің 2027 жылға арналған жоспарын құрып, кәсібін дамыту бағытын айқындауына арналды. Ұйымдастырушылар жиынға Астана мен еліміздің өзге өңірлерінен 400-ге жуық кәсіпкер және өзін-өзі жұмыспен қамтыған әйел келеді деп жоспарлаған.

UMAI кәсіпкер әйелдер қауымдастығының негізін қалаушы Жәмила Ерназарованың айтуынша, биылғы жиында шағын бизнесте қолдануға болатын, тәжірибеде сыналған тәсілдерге басымдық берілген. Қатысушыларға табысты арттыру, айналым қаражатының жетіспеуі, қызметкерлерді басқару секілді мәселелерді шешу жолдары ұсынылған.

Фото: Венера Жоламанқызы/Kazinform

— Біз кәсіпкер әйелдердің ертең емес, бүгін шешуі қажет мәселелерімен айналысамыз. Әйел өз кәсібін тұрақты жүргізу үшін маркетингті меңгеріп, бизнесін ілгерілетуді, жеке брендін дамытуды, қызметкерлерді басқаруды, уақытын тиімді пайдалануды білуі керек, — деді Жәмила Ерназарова.

Оның пікірінше, мемлекеттік қаржылай қолдау әйелдер кәсіпкерлігінің дамуына оң ықпал етеді. Алайда қаражатты тиімді жұмсау үшін білім мен тәжірибе қажет.

Фото: Венера Жоламанқызы/Kazinform

— Мәселен, әйел байқаудан өтіп, 5 млн теңге грант алды делік. Егер ол осы қаражатты кәсібіне дұрыс жұмсап, көбейтудің жолын білмесе, мұндай қолдау нәтиже бермеуі мүмкін, — деді қауымдастықтың негізін қалаушы.
Жәмила Ерназарованың айтуынша, қордың іс-шараларына қатысатын әйелдердің көбі қызмет көрсету саласында кәсіп жүргізеді. Ұйым өндіріс пен қолөнерді дамыту мақсатында кәсіпкер әйелдерге арналған тегін көрмелер ұйымдастырып келеді.

Биылғы форум бағдарламасына жасанды интеллектіні бизнесте қолдану тақырыбы да енген. Атап айтқанда, жасанды интеллект көмегімен жарнамаға қаржы жұмсамай, Threads әлеуметтік желісінде кәсіпті ілгерілету тәжірибесімен бөлісу көзделген.

Жиын аясында қолөнершілер мен суретшілердің туындылары қойылған көрме өтті. Олардың арасында бұрын басқа салада еңбек етіп, кейін сүйікті ісін кәсіпке айналдырған әйелдер бар.

Бас киім тоқуды кәсіпке айналдырған қолөнерші

Мамандығы бойынша бухгалтер-экономист Гүлбаршын Молбаева бұрын салық саласында жұмыс істеген. Алғашында өзіне, балаларына арнап бас киім тоқитын. Кейін оның қолынан шыққан бұйымдарға қызығып, тапсырыс беретіндер көбейе бастаған. Осылайша бос уақытында айналысқан ісі біртіндеп кәсіпке айналған.

2018 жылдан бері жәрмеңкелерге қатысып жүрген Гүлбаршынның қазіргі негізгі табыс көзі — қолөнер.
Қолөнерші бір бас киімді үзіліссіз екі-үш сағатта тоқып шығады. Көрмеге әкелген бас киімдерінің бірінің бағасы — 20 мың теңге. Алайда ол бұйымдарын жасауға ғана емес, сатуға да қаражат жұмсайды.

Фото: Венера Жоламанқызы/Kazinform

— Апта сайын сауда орталығында өтетін жәрмеңкеге қатысамын. Онда үш күнге орын жалдау үшін 50 мың теңге төлеймін. Табысым маусымға байланысты. Сұраныс жоғары кезде жақсы табамын, жазда сауда бәсеңдейді. Бірнеше рет тоқуды қойып, басқа іспен айналысқым келді. Бірақ қайтадан тоқығым келіп тұрады. Жаңа үлгілер ойлап табу өзіме қатты ұнайды, — дейді Гүлбаршын Молбаева.

Қолөнерші бас киімдердің кейбір үлгісін өзі ойлап табады. Интернеттен көрген бұйымдарын өз талғамына сай түрлендіріп отырады.

Гүлбаршын UMAI ANA ұйымдастыратын көрмеге екінші рет қатысып отыр. Оның айтуынша, мұндай көрмелерде қолөнершілерге бұйымдарын сататын орын тегін беріледі.

Бір кәсіп, бірнеше табыс көзі

Суретші-иллюстратор Қарлығаш Исмағұлова бұрын зауыттың кадр бөлімінде жұмыс істеген. Бала күтіміне байланысты демалысқа шыққан соң шығармашылықпен айналысуға бел буып, сурет салуды өз бетінше меңгерген.
Бүгінде ол кітаптарды безендіріп, жеке шығармашылық жобаларын жүзеге асырып жүр. Ірі компаниялардың тапсырысы бойынша иллюстрациялар әзірлеген.
Қарлығаш суреттеріне күнделікті өмірдегі оқиғаларды арқау етеді. Туындыларының біразы әйелдер өміріне арналған.

— Екі ұлым бар. Олармен байланысты оқиғаларды сурет арқылы жеткіземін. Әр туындымның өзіндік тарихы бар. Өзіме тән сурет салу мәнерім қалыптасқан. Қазір кеудеге тағатын әшекейлер жасаймын. Енді мозаикамен айналысып көргім келеді. Шығармашылығымды қағазбен шектемей, түрлі материалмен жұмыс істегім келеді, — дейді Қарлығаш Исмағұлова.

Суретші биыл жәрмеңкелерге қатыса бастаған. Оның байқауынша, бұйымдардың өтімділігі көрмеге келушілердің талғамына байланысты.

Фото: Венера Жоламанқызы/Kazinform

Қарлығаш бір ғана табыс көзімен шектелмейді. Тапсырыспен сурет салады, онлайн сабақтар өткізеді, әлеуметтік желі арқылы бұйымдарын сатады. Әр жексенбі сайын сурет салуға қызығатын жандармен кофеханада бас қосады.
Әлеуметтік желі Қарлығашқа туындыларын көпшілікке таныстырып, тапсырыс берушілер табуға мүмкіндік берген. Оқырмандары көбейген соң компаниялар оған өздері хабарласа бастаған. Тапсырыспен салатын суреттерін негізінен планшетте әзірлейді.

— Қазір сурет салып қана отыру жеткіліксіз. Жұмысыңды көпшілікке таныстырып, әлеуметтік желілерде белсенді болу керек. Бір ғана желімен шектелмеген дұрыс. Көп нәрсе өзіңнің қаншалықты әрекет ететініңе байланысты, — дейді суретші.

Форумға қатысқан әйелдердің тәжірибесі сүйікті істі тұрақты кәсіпке айналдыру үшін шеберлікпен қатар қаржылық сауат пен нарыққа бейімделе білудің маңызды екенін көрсетті.

Бұған дейін ауыл әйелдерінің кәсіп бастау кезінде қандай қиындықтарға тап болатынын жазған едік.