UFC-дің ресми сайтында Қазақстанның жеңіл салмақтағы өкілі Бекзат Алмаханның мәртебесі «алаңға шықпайды» деп өзгертілген. Бұл оның төрт жекпе-жекке арналған келісімшартының аяқталуына байланысты UFC ростерінен шығарылғанын білдіреді.
Бекзат Алмахан UFC-ге ресми түрде 2024 жылдың басында қосылып, октагондағы дебютін 2024 жылғы 2 наурызда өткізді. Спортшы ұйымға 11-1 (мерзімінен бұрын аяқталған 10 жеңіс) көрсеткішімен қауіпті нокаутер ретінде келген. Алайда матчмейкерлер қазақстандық файтерге бірден өте мықты қарсылас таңдады. UFC-дегі алғашқы жекпе-жегінде ол сол кездегі рейтингте 13-орында тұрған Умар Нурмагомедовпен кездесті.
Жекпе-жек Бекзаттың жеңілісімен аяқталғанымен, қазақстандық спортшы бірінші раундта қарсыласын нокдаунға түсіре алды. Нурмагомедов кейін жекпе-жек барысын бақылауға алып, төрешілердің бірауызды шешімімен жеңіске жетті.
Бекзат Алмахан UFC-дегі жалғыз жеңісіне 2025 жылғы 10 мамырда қол жеткізді. Ол канадалық Брэд Катонаны бірінші раундтың 64-секундында нокаутпен жеңіп, Катонаны мерзімінен бұрын жеңген UFC тарихындағы алғашқы файтер атанды.
Бекзаттың UFC-дегі тағы екі жекпе-жегі жеңіліспен аяқталды. 2025 жылғы қарашада ол грузиялық файтер Александр Топурияға төрешілердің бірауызды шешімімен жол берді. Ал 2026 жылдың жазында келісімшарт аясындағы соңғы жекпе-жегінде бразилиялық Жан Мацумотодан төрешілердің бірауызды шешімімен жеңілді.
Осылайша, қазіргі таңда UFC-де Қазақстанның бес өкілі қалды. Жеңіл салмақта Асу Алмабаев ұйым рейтингінде бесінші орында тұр. Осы салмақта Әліби Ыдырыс та өнер көрсетеді. Жартылай орта салмақта Қазақстан атынан Николай Веретенников пен операциядан кейін оңалтудан өтіп жатқан Шавкат Рахмонов өнер көрсетеді. Ал жартылай ауыр салмақта Дияр Нұрғожай өнер көрсетіп жүр.
UFC тарихында Қазақстанның атынан барлығы 11 файтер өнер көрсеткен. Олардың бесеуі қазір ұйымның қолданыстағы ростерінде болса, алтауы бұрын UFC-де өнер көрсеткен спортшылар қатарында.
Бұған дейін қазақстандық файтердің UFC-ден қомақты бонус алғаны хабарланған болатын.
Сонымен қатар қазақстандық файтер Жалғас Жұмағұлов UFC-ге қайта оралуы мүмкін екені айтылды.