«Ұмай» ипотекасы қайта оралады: Бағдарламаға кімдер қатыса алады

АСТАНА. KAZINFORM – Әйелдерге арналған «Ұмай» ипотекалық бағдарламасы үш жылға жуық үзілістен кейін қайта іске қосылады. Өтінімдер тамыз айында қабылдана бастайды. Бағдарлама аясында қазақстандық әйелдер бастапқы және қайталама нарықтан баспана сатып ала алады. Тұрғын үй сарапшысы Ақерке Бодаубекқызы Jibek Joly телеарнасының «БҮГІН.Live» бағдарламасында жаңа талаптар, қатысу шарттары және нені ескеру керектігі жөнінде айтып берді.

Фото: Kazinform/ Canva

Бағдарлама талаптарына сәйкес, қатысушының «Отбасы банкінде» депозиті болуы қажет және алғашқы жарна сол депозитте жинақталуы керек. Астана, Алматы және Шымкент қалаларында бастапқы жарна тұрғын үй құнының кемінде 20 пайызын, ал басқа өңірлерде 15 пайызы.

– «Ұмай» соңғы рет 2023 жылы жұмыс істеген болатын. Кейін қаржыландырудың тоқтауына байланысты жаңа өтінімдер қабылданбады. Енді баспана алуды жоспарлаған әйелдер үшін ипотекалық өнім қайта қолжетімді болмақ. Дегенмен оған қазірден бастап дайындалған жөн. Себебі негізгі талаптардың бірі – табыс көзін растау. Бұл барлық азаматтың қолынан келе бермейді, – деді сарапшы.

Фото: видеодан алынған скрин

Сарапшының айтуынша, биылғы бағдарлама шарттары 2023 жылғы нұсқадан айтарлықтай ерекшеленеді.

– Бұрынғы бағдарламада алғашқы жарна талап етілмеген еді. Ал қазір қатысушының «Отбасы банкіндегі» депозитінде кемінде 20 пайыз бастапқы жарна болуы керек. Сонымен қатар несие мөлшерлемесі бұрын 12,5 пайыз болса, енді 14 пайыздан басталады, – дейді маман.

Бағдарламаға қатысу үшін отбасының ай сайынғы табысы 1 млн 250 мың теңгеден аспауы тиіс. Осыдан кейін банк табыс көзін растау рәсімдерін жүргізеді. Қажет болған жағдайда бір немесе екі кепілгер тартуға болады.

«Ұмай» бағдарламасы клиент атында баспананың бар-жоғына қарамайды. Бірнеше баспана болса да, ең басты талап – табыс көзін растау және несие тарихының жақсы болуы. Маманның пікірінше, бұл мүмкіндік әсіресе ресми жұмыс істейтін әйелдер мен жеке кәсіпкерлер үшін тиімді.

– Өтінім берушілер несие тарихына ерекше назар аударуы қажет. Микроқаржы ұйымдарынан алынған қарызды уақытында жауып, ломбардтағы міндеттемелерден арылған жөн. Ашық несиелер мен қаржылық міндеттемелерді алдын ала реттеп қойған дұрыс, – деді ол.

Фото: видеодан алынған скрин

Сонымен бірге, биыл «Жасыл ипотека» бағдарламасы қайта қаржыландырылып, оны іске асыруға қосымша қаржы бөлінеді. Бұл бірінші нарыққа бағытталған, бірақ жасыл стандартқа сай болса, екінші нарықтан да баспана рәсімдеуге болады. 

Әлеуметтік осал топқа жататын және тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтар үшін ипотекалық мөлшерлеме 7 пайыз. Ал кезекте тұрмаған азаматтар үшін мөлшерлеме – 12,5 пайыз, әскери қызметшілер үшін – 11,5 пайыз.

Сарапшылардың пікірінше, «Ұмай» мен «Жасыл ипотека» бағдарламалары тұрғын үй нарығындағы сұранысты белгілі бір деңгейде қолдағанымен, баспана бағасының күрт өсуіне айтарлықтай әсер етпейді.

– Бұл бағдарламалар баршаға бірдей қолжетімді емес. Сондықтан олардың нарыққа ықпалы шамалы болады, – дейді Ақерке Бодаубекқызы.

Еске салайық, «Ұмай» бағдарламасы 2021 жылы іске қосылып, 2023 жылға дейін жұмыс істеді. Кейін оны қаржыландыру уақытша тоқтатылды. Бағдарлама Азия даму банкінің (АДБ) қолдауымен жүзеге асырылады.

Елімізде маман тапшы өңірлерге көшіп барғандарға баспана алуға 7 млн теңгеге дейін беріледі.