«Құжатқа сәйкес, Қазақстан мен Үндістан әр тараптың соттарымен бас бостандығынан айырылған адамдарды өзінің азаматы болып табылатын мемлекетке жазасын өтеу үшін беруге міндетті болады. Келісімде ондай адамдарды беруге қатысты шарттар да қамтылады. Мәселен, берілетін сотталған азаматтар қабылдайтын тараптың азаматы болуы керек. Сот үкімі соңғы әрі нақты болуы шарт. Ал беру сол мемлекеттің егемендігіне, тәуелсіздігіне немесе басқа да жағдайына қатер төндірмеуі тиіс. Сосын сотталушы азамат та бұл мәселеге өз келісімін беруі тиіс», - деді ҚР Бас прокурорының орынбасары Иоган Меркель.
Оның айтуынша, құжатта сотталған адамдардың транзиті мәселесі де қарастырылып отыр. Ал мұндай халықаралық құқықтық тетіктер Үндістанда сотталған Қазақстан азаматтарының кейінгі тағдырын жеңілдетеді. «Өйткені, бөтен мемлекетте сотталған кез келген қазақстандық азамат үшін туыстарымен кездесу, жалпы қоғаммен араласуы қиындап кететіні белгілі, тілдік кедергілер де орын алып жатады», - деді И. Меркель.
Тұтастай алғанда, Қазақстан дәл осындай бағыттағы келісімшарттарды 11 елмен жасаған, 9 елмен, соның ішінде Болгария, Македония, Сербия, Бразилия және Моңғолиямен келіссөздер жүргізілуде.