Үндістандағы мұз көшкіні: 18 адамның денесі табылды, 200 тұрғын із-түзсіз кетті

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Мұз көшкіні жүріп, салдарынан су тасқыны болған Үндістанда құрбандар саны артып жатыр. Жергілікті БАҚ хабарлауынша, қазіргі уақытта 18 адамның мәйіті табылды, 200-ден аса тұрғын із-түзсіз жоғалып кеткен, деп хабарлайды ҚазАқпарат Euronews агенттігіне сілтеме жасап.

Оқиға орнында құтқарушылар жұмыс істеп жатыр.

Олар соғылып жатқан туннельге кіретін жерді тазалап, 12 адамды құтқарып алды.

Болжам бойынша, тағы бір туннельде 30 адам бар. Бірақ олар әзірге құтқарылған жоқ.

Мұзды көшкін Ганга сағасының бойындағы аңғарлардың бірінде жексенбі күні таңертең басталды.

Көшкін бөгетті шайып кетті. Соғылып жатқан екі су электр стансасы мен жұмысшылар кенті қирады.

Уақытында қолданылған шаралар бұдан да күрделі апаттың алдын алды.

Еске сала кетсек, бұдан бұрын Үндістанның таулы аймағындағы Уттаракханд штатында қар көшкіні салдарынан өзен суы тасып, табиғат апатынан 150-ге жуық адамның қаза тапқанын хабарлаған болатынбыз.

Кейінірек Үндістан Премьер-министрі Нарендра Моди Уттаракханд штатындағы мұз көшкіні салдарынан туындаған су тасқынының бақылауға алынғанын мәлімдеді.