Нарендра Моди Хайдарабад қаласында сөйлеген сөзінде коронавирус пандемиясы кезінде қолданылған қашықтан жұмыс істеу, виртуалды кездесулер мен бейнеконференциялар тәжірибесін қайта енгізу қажеттігін айтты.
– Коронавирус кезінде біз үйден жұмыс істедік, виртуалды кездесулер мен бейнеконференциялар өткіздік. Біз бұған үйреніп қалдық. Қазіргі уақыт талабы – осы тәсілдерге қайта оралу, – деді Нарендра Моди.
Үндістан премьері шетел валютасын үнемдеу мен импорттық энергия ресурстарына тәуелділікті азайтудың маңызын атап өтті. Оның айтуынша, ел азаматтары тұтыну дағдыларын қайта қарауы тиіс.
– Орта тап арасында шетелде той өткізу, шетелге саяхаттау және демалыс ұйымдастыру кең таралып барады. Осы дағдарыс кезеңінде кем дегенде бір жылға шетел сапарларын кейінге қалдыру туралы шешім қабылдауымыз керек, – деді ол.
Сонымен қатар Нарендра Моди азаматтарды мерекелер кезінде бір жыл бойы алтын сатып алудан бас тартуға шақырды.
Үкімет басшысы жанармайды үнемдеп пайдаланудың да маңызды екенін айтты.
– Қазір бензин, дизель және газды барынша үнемдеп пайдалану қажет. Біз бұл энергия ресурстарын шетелден импорттаймыз, сондықтан тек қажетті көлемде ғана тұтынуға тырысуымыз керек, – деді Нарендра Моди.
Осыған байланысты премьер-министр халықты қоғамдық көлік пен теміржолды көбірек пайдалануға үндеді.
– Метро бар жерде метромен жүріңіздер, бір бағытта жүретіндер көлікті бірге пайдалансын, ал жүк тасымалында теміржолды қолданыңыздар. Мұның бәрі бензин мен дизельге тәуелділікті азайтады, демек шетел валютасына тәуелділік те төмендейді, – деді ол.
Айта кетейік, бұған дейін Иранның АҚШ-тың соғысты тоқтату туралы ұсыныстарына қалай жауап бергені хабарланған еді.