Үндістан зауытындағы жарылыс салдарынан 17 адам мерт болды

Фото: Анадолы

АСТАНА. KAZINFORM – Жарылыс Нагпур қаласындағы жарылғыш заттар өндіретін зауытта болды.

Anadolu агенттігінің мәліметіне қарағанда, Үндістанның Махараштра штатындағы жарылғыш заттар өндіретін зауытта болған жарылыс салдарынан 17 адам қаза тауып, тағы 18 адам жараланды.

Бұл туралы Махараштра штатының бас министрі Девендра Фаднавис жексенбі, 1 наурыз күні америкалық X компаниясының әлеуметтік желісінде хабарлады.

Оның айтуынша, жарылыс Нагпур қаласындағы жарылғыш заттар өндіретін зауытта болған.

Сондай-ақ министр құтқару жұмыстары жалғасып жатқанын және оқиғаға байланысты жан-жақты тергеу басталғанын атап өтті.

Жарылыстың себебі әзірге хабарланған жоқ.

Бұдан бұрын хабарланғандай, ақпан айынның басында Үндістанда көмір шахтасындағы жарылыстан 15 кенші қаза тапты.

 

Аружан Жәнәділ