Үндістанның Ұлттық тестілеу агенттігі (NTA) енгізілген шараларды қолдап, оның емтиханды алаяқтық әрекеттер мен талапкерлер арасында дезинформация таралуынан қорғауға көмектесетінін мәлімдеді, деп хабарлайды Hindustan Times. NEET-UG 2026 қайта тапсыру емтиханы 21 маусымға белгіленген.
Үндістанның Электроника және ақпараттық технологиялар министрлігінің бұйрығына сәйкес, Telegram мессенджеріне қолжетімділік емтихан өткізу кезеңінде және одан кейін де шектеледі. Сонымен қатар, елде 30 маусымға дейін хабарламаларды редакциялау функциясы уақытша өшіріледі.
NTA мәліметінше, бұл шектеулер Telegram арқылы талапкерлерді алдаған алаяқ топтардың әрекетіне байланысты енгізілген. Олар арнайы арналар арқылы ақшаға емтиханның «нақты тапсырмаларын» және қайта тапсыру тестінің материалдарына қолжетімділікті ұсынып келген.
Билік әсіресе хабарламаларды өңдеу функциясына назар аударған. Реттеушінің пікірінше, бұл мүмкіндік емтихан материалдарының тарағаны туралы жалған дәлелдер жасау үшін қолданылуы мүмкін: алаяқтар ескі хабарламалардың мазмұнын өзгертіп, бастапқы жарияланған уақытын сақтап қалады.
Ведомство бұл шектеулер мессенджердің барлық қолданушыларына әсер ететінін мойындады.
Ал Telegram өз кезегінде мұндай шешім Үндістандағы 150 миллион қарапайым қолданушыны шектейтінін, бірақ емтихан материалдарын таратқандарға әсер етпейтінін мәлімдеді.
— Бұл бұғаттау ештеңені тоқтатқан жоқ. Ақпараттың таралуы басқа қосымшаларға ауысып кетті. Біз бұл мәселені шешу үшін көп жұмыс атқардық — оның дереккөзі Telegram емес екеніне қарамастан. Соңғы бірнеше аптада біз Үндістанда емтихан материалдарының таралуына және соған байланысты алаяқтық схемаларға қатысы бар жүздеген арнаны жойдық. Сондай-ақ біз «өңделді» деген белгіні айқынырақ етіп, деректерді кейін өзгерту арқылы жасалатын алаяқтықтың алдын алу шараларын күшейттік, — деді Telegram негізін қалаушы Павел Дуров.
Айта кетейік, биыл ақпан айында Тelegram желісінің модераторлары 234 945 топ пен каналды бұғаттады.