Әуе апаты 30 қазанда Үндістанның Уттаракханд штатындағы Чамоли ауданында, Джошимат қаласының маңындағы таулы аймақта болған.
Алдын ала мәлімет бойынша, тікұшақ өңірде қалың қар жауып тұрғанына қарамастан, Бадринатх қажылық орталығынан ұшып шыққан.
Ауа райының нашарлауына байланысты жергілікті билік дабылдың қызғылт сары деңгейін жариялады. Бұл аймақта айнала дұрыс көрінбей, найзағай ойнап, бұршақ жауып жатыр.
Апат орнына шұғыл қызметтер жіберілді. Алайда қолайсыз ауа райы мен таулы жер бедері іздестіру-құтқару жұмыстарына кедергі келтіріп отыр.
Қаза тапқандар мен зардап шеккендер туралы әзірше ақпарат түскен жоқ. Әуе апатының себептері мен мән-жайы анықталып жатыр.
Еске салайық, бұған дейін Босния және Герцеговинада әскери тікұшақтың апатқа ұшырап, салдарынан төрт адам қаза тапқанын хабарлаған едік.