Босния және Герцеговинада әскери тікұшақ апатынан төрт адам қаза тапты

АСТАНА. KAZINFORM — Босния және Герцеговинада Еуропалық одақтың «Алтея» бітімгерлік миссиясына қатысқан италиялық әскери тікұшақ апатқа ұшырады. Салдарынан төрт адам қаза тауып, тағы 11 адам жарақат алды, деп хабарлайды Kazinform агенттігі Euronews-ке сілтеме жасап.

Босния және Герцеговинада әскери тікұшақ апатынан төрт адам қаза тапты
Фото: BILD

Әуе апаты 29 қазанда Босния және Герцеговинаның солтүстігіндегі Брчко қаласы маңында болды. CH-47 Chinook тікұшағы Еуропалық одақтың бітімгерлік күштері жоспарлы оқу-жаттығу өткізіп жатқан кезде құлаған.

Италия Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, қаза тапқандардың екеуі — Италия армиясының әскери қызметшісі, қалған екеуі — Италия Қызыл Крестінің ерікті әскери корпусының өкілдері.

Тағы 11 адам жарақат алды. EUFOR миссиясының мәліметінше, зардап шеккендердің жағдайы тұрақты. Оларға қажетті медициналық көмек көрсетіліп жатыр.

Әзірге тікұшақтың құлау себебі белгісіз. Оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр.

Апат салдарынан бейбіт тұрғындар зардап шеккен жоқ. Сондай-ақ азаматтық инфрақұрылымға, мүлік пен көлік құралдарына зақым келгені тіркелмеген.

EUFOR Althea бітімгерлік операциясы Босния және Герцеговинада 2004 жылдан бері жүзеге асып келеді. Сол жылы Еуропалық одақ күштері 1992–1995 жылдардағы соғыс аяқталғаннан кейін елде орналасқан НАТО контингентінің орнын басты.

Миссияның негізгі міндеті — елдегі қауіпсіздік пен тұрақтылықты сақтау, сондай-ақ бейбіт келісімдердің орындалуына жәрдемдесу.

Бұған дейін 2026 жылғы 23 наурызда Парсы шығанағында Қатардың әскери тікұшағы апатқа ұшырағаны хабарлаған едік. Салдарынан жеті адам, оның ішінде Қатардың төрт әскери қызметшісі мен Түркияның үш азаматы қаза тапты. Қатар Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, апатқа жоспарлы оқу-жаттығу ұшуы кезінде болған техникалық ақау себеп болған.