Универсиада қарсаңында Алматы полициясы көші-қон процестерін қатаң бақылауға алмақ

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Универсиада қарсаңында Алматы полициясы көші-қон процестерін қатаң бақылауға алмақ. Көші қон полициясы басқармасы басшысының орынбасары Айдын Белгібаев осылай мәлімдеді.

Шараға байланысты 2016 жылдың 20 сəуірінен бастап арнайы жұмыс басталып кетті.

Локалды рейдтер барысында құқық қорғау органдары қоғамдық тамақтану орындарын, құрылыс нысандарын, оқу орындарын тексеруді күшейтеді.

«Биыл Алматыға келген мигранттардың саны арта түсті. Өткен жылмен салыстырғанда 30%-ға артты. Қалада 25 мың шетелдік азаматтың қызметі тексерілді. Олардың 3 мыңы əкімшілік жауапкершілікке тартылды. 302 адам Қазақстаннан шығарылды. Жыл басынан бері 451 шетелдік қуылды», - деді А.Белгібаев.

Оның айтуынша, Универсиада нысандарында жүргізілген рейд барысында шетелдік азаматтар табылмаған.