АСТАНА. ҚазАқпарат - Ресейдің Краснояр қаласында өтіп жатқан қысқы универсиада ойындары аясында шайбалы хоккейден Қазақстан студенттер құрамасы жартылай финалда Словакия құрамасының жеңіліп қалды. Енді олар қола жүлде үшін сайысқа түседі, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Аталмыш кездесуде есеп 4-минутта ашылды. Словакия сапынан Ян Злоха мергендік танытты. Ал 30-минутта Эрик Смокла словак құрамасының басымдығын арттыра түсті. Аталмыш құрама сапынан 36-минутта Себастиан Смида есепті ұлғайтты. Ойынның бітуіне 38 секунд қалғанда словакиялық хоккейші Даниэль Рзавски есепті ұлғайтты - 0:4. Қазақстан құрамасы универсиадада алғаш рет жеңілістің ащы дәмін татты.
Қазақстан студенттер құрамасы топтық кезеңде бірде-бір ұпайды шашау шығарған жоқ. Қазақстандық хоккейшілер Латвияны 10:1 есебімен жеңсе, одан кейін Швециядан 5:1, Ұлыбританиядан 17:1, Швейцариядан 7:0, Канададан 4:3 есебімен басым түсті .
Жартылай финалдың тағы бір кездесуінде Ресей Канаданы 5:1 есебімен тізе бүктірді. Қазақстан жастары 12 наурыз күні Канадамен шеберлік байқасады. Аталмыш ойын Астана уақытымен 14.00-де QazSport телеарнасы арқылы тікелей эфирде көрсетіледі.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.