Универсиада: Қазақстан хоккейшілері топтық кезеңде бірінші орын алды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Ресейдің Краснояр қаласында өтіп жатқан қысқы универсиада ойындары аясында шайбалы хоккейден Қазақстан студенттер құрамасы топтық кезеңнің соңғы турында Канадамен кездесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Универсиада: Қазақстан хоккейшілері топтық кезеңде бірінші орын алды

Екі құрама бұған дейін төрт ойында да жеңіске жеткен еді. Қазақстандық хоккейшілер алдымен алдымен Латвияны 10:1 есебімен жеңсе, одан кейін Швециядан 5:1, Ұлыбританиядан 17:1, Швейцариядан 7:0 есебімен басым түсті. Ал Канада құрамасы Ұлыбританияны 12:0, Латвияны 6:1, Швейцарияны 6:2, Швецияны 11:1 есебімен жеңді. Төрт турдан кейін Қазақстан мен Канада 12 ұпай жинаған еді. Сондықтан топтың жеңімпазы бүгінгі кездесуде анықталатын.

Бүгінгі жекпе-жекте біздің хоккейшілер 1-минутта Антон Некряч есеп ашты. Одан кейін де қазақстандық жастар екі шайба соғып кетті. Әуелі Егор Шалапов 9-минутта есепті ұлғайтса, екінші кезеңнің 23-минутында Эмиль Нұрғалиев қанжығасын майлады. Екінші кезеңде канадалық хоккейшілер екі шайбамен жауап қайтарды. Атап айтқанда, Давид Томпсон 32, Даниэль Дел Пагио 37-минутта мергендік танытты. Екінші кезең 3:2 есебімен Қазақстан құрамасының жеңісімен аяқталды. Үшінші кезеңнің 55-минутында қазақстандық Антон Некряч тағы бір шайба соғып, есепті ұлғайта түсті. Дегенмен Канада сапынан 57-минутта Кристоф Воивин бір шайбамен жауап қайырды.

Кездесуде Қазақстан құрамасы Канаданы 4:3 есебімен тізе бүктірді. Осылайша олар В тобында бірінші орын алды. Енді біздің жігіттер ширек финалда АҚШ құрамасымен кездеседі. Олар А тобында төртінші орын алған еді. Ойын 11 наурыз күні өтеді.