Үнзила Шапақ: Преамбула ел дамуының бағытын айқындайды

Фото: видеодан салынған скрин

АСТАНА. KAZINFORM – Конституцияның преамбуласына енгізілген өзгерістер оның маңызын арттырып, мемлекеттің даму бағытын айқындайды. Бұл туралы ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, заң ғылымдарының докторы Үнзила Шапақ «Jibek Joly» телеарнасының «Уәде» бағдарламасында мәлімдеді.

Оның айтуынша, бұған дейін преамбула көбіне кіріспе ретінде ғана қабылданып, рөлі толық бағаланбаған. Ал қазіргі өзгерістер бұл түсінікті өзгертті.

– Преамбула – жай кіріспе емес. Онда мемлекет қандай бағытта дамитыны және қандай құндылықтарды ұстанатыны көрсетіледі, – деді депутат.

Ол соңғы өзгерістер аясында преамбулаға «Әділетті Қазақстан» ұғымы енгізілгенін атап өтті.

– Бұрын біз құқықтық, демократиялық мемлекет құрамыз деп айттық. Бірақ оны қалай бағалаймыз деген сұрақ болды. «Әділетті Қазақстан» осы мақсаттың нақты өлшемі ретінде енгізілді, – деді Үнзила Шапақ.

Сонымен қатар, депутат бұл ұғым «заң мен тәртіп» қағидатымен байланысты екенін жеткізді.

– Заң бәріне бірдей жұмыс істеген кезде ғана әділдік орнайды. Заң сақталса – тәртіп қалыптасады, ал тәртіп бар жерде қоғамда әділеттілік нығаяды, – деді ол.

Депутаттың айтуынша, преамбулада бекітілген қағидаттар кейін нақты заңдар арқылы жүзеге асырылады.

Айта кетейік, 17 наурызда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасының Конституциясына және оны іске асыру жөніндегі шаралар туралы Жарлыққа қол қойды.