Оның айтуынша, бұған дейін преамбула көбіне кіріспе ретінде ғана қабылданып, рөлі толық бағаланбаған. Ал қазіргі өзгерістер бұл түсінікті өзгертті.
– Преамбула – жай кіріспе емес. Онда мемлекет қандай бағытта дамитыны және қандай құндылықтарды ұстанатыны көрсетіледі, – деді депутат.
Ол соңғы өзгерістер аясында преамбулаға «Әділетті Қазақстан» ұғымы енгізілгенін атап өтті.
– Бұрын біз құқықтық, демократиялық мемлекет құрамыз деп айттық. Бірақ оны қалай бағалаймыз деген сұрақ болды. «Әділетті Қазақстан» осы мақсаттың нақты өлшемі ретінде енгізілді, – деді Үнзила Шапақ.
Сонымен қатар, депутат бұл ұғым «заң мен тәртіп» қағидатымен байланысты екенін жеткізді.
– Заң бәріне бірдей жұмыс істеген кезде ғана әділдік орнайды. Заң сақталса – тәртіп қалыптасады, ал тәртіп бар жерде қоғамда әділеттілік нығаяды, – деді ол.
Депутаттың айтуынша, преамбулада бекітілген қағидаттар кейін нақты заңдар арқылы жүзеге асырылады.
Айта кетейік, 17 наурызда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасының Конституциясына және оны іске асыру жөніндегі шаралар туралы Жарлыққа қол қойды.