Уоррен Баффет құны $5,5 млрд болатын акцияларын балаларына үлестіріп берді

АСТАНА. KAZINFORM — Миллиардер Уоррен Баффет Berkshire Hathaway холдингіне тиесілі жалпы құны шамамен 5,5 миллиард доллар болатын акцияларды балалары басқаратын төрт қайырымдылық қорға сыйлады, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Вашингтондағы меншікті тілшісі CNBC арнасына сілтеме жасап.

Фото: ru.investing.com

96 жастағы Баффет Berkshire компаниясының портфеліндегі A сыныбына жататын 6150 акцияны B сыныбының 9 225 000 акциясына (1 A акция = 1500 B акция) айырбастап, балалары Сьюзи, Говард және Питер Баффеттер басқаратын қорларға үлестіріп берді. Атап айтқанда 3 690 000 акция «The Susan Thompson Buffett Foundation» қорына, қалғаны «The Sherwood Foundation», «The Howard G. Buffett Foundation» және «NoVo Foundation» қорларының әрбіріне 1 845 000 акциядан үлестірілді.

Осы қайырымдылықтан кейін де Berkshire төрағасының қолында жалпы құны шамамен 162 миллиард доллар болатын А сыныбының 182 140 акциясы қалып отыр.

Berkshire акциялары соңғы кездері ұдайы өсіп келеді. Төртінші тоқсанның басынан бері 19%-дан астамға өсті, ал өткен аптада қатарынан төрт мәрте биржаны рекордтық деңгейде жапты. Жалпы, Berkshire инвесторлар үшін қауіпсіз баспана ретінде танымал. Әсіресе жасанды интеллекттің дамуына, корпоративтік қақтығыстар мен геосаяси тегеуріндерге байланысты биржада алаңдаушылық туындаған кезде Баффеттің холдингіне деген сенім молая түседі.

Баффет өз хатында Berkshire иелігіндегі барлық акциялары ақыр соңында жыл сайынғы қайырымдылық гранттарының көлемін арттыру үшін төрт қорға сыйға тартылатынын растаған.

Еске сала кетейік, жыл басында аты аңызға айналған инвестор Уоррен Баффетт Berkshire Hathaway компаниясының бас атқарушы директоры қызметінен кететінін мәлімдеген болатын.