US Open: Александр Бублик төртінші айналымнан тыс қалды

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанның бірінші, әлемнің 16-ракеткасы Александр Бублик АҚШ ашық чемпионатының төртінші айналымына шыға алмады.

Фото: ФТК

Қазақстандық теннисші үшінші айналымда әлемнің 21-ракеткасы, америкалық Томми Полмен шеберлік байқасты.

Қарсыластар осыған дейін екі рет кездескен. 2025 жылы Майамиде Пол 5:7, 7:5, 6:4 есебімен басымдылық танытқан. Дегенмен өткен жылғы АҚШ ашық біріншілігінің үшінші айналымында Бублик бес сеттік марафонда 7:6(5), 6:7(4), 6:3, 6:7(5), 6:1 есебімен есе қайтарған еді. 

Бұл жолы бірінші партия соңында америкалық спортшы брейк жасап кетті – 6:4. 
Екіншісінде Александр есе қайырды – 6:3.

Үшіншісінде тай-брейкте Бубликтің асығы алшысынан түсті – 7:6 (7:4). Алайда төртінші сетте ойыны жүрмеді – 1:6.

Шешуші, бесінші партияда Пол 4:0 есебімен алға кетті. Есеп 5:1 болып, америкалық теннисші матчқа доп бергенде, Бублик есепті қысқартты – 2:5. Бірақ одан әріге шамасы жетпеді – 3:6.

Үш сағат 12 минутқа созылған бәсекеде Бублик 16 эйспен бірге 7 брейк-пойнттың тек екеуін пайдаланды. Пол 10 эйс, 6 брейкпен (8 брейк-пойнт) көзге түсті. 

Т.Пол ширек финалға шығу үшін әлемнің 3-ракеткасы, испаниялық Карлос Алькарас немесе рейтингіде 113-орындағы қытайлық У Ибиннің қай жеңгенімен таласады.

А.Бублик өткен жылы АҚШ чемпионатының төртінші айналымына дейін жеткен еді. Биыл сол нәтижесін қайталай алмады. 

Еске сала кетейік, бұдан бұрын АҚШ ашық чемпионатында Елена Рыбакина үшінші айналымға жолдама алғанын жазған едік.

Сондай-ақ Анна Данилина жұптық сында екінші айналымға өтті.