Ұсақ-түйек демей, қауіп-қатердің барлығын мұқият ескеру керек - Үкімет басшысы

АСТАНА. ҚазАқпарат – Премьер-Министр Әлихан Смайылов Энергетика министрлігіне алдағы жылыту маусымына дайындық жұмыстарын қамтамасыз етуді тапсырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Фото: primeminister.kz

«Энергетика министрлігі өңір әкімдерімен бірлесіп, жоспарланған іс-шаралардың толықтай іске асырылуын және алдағы жылыту маусымына дайындық жұмыстарын қамтамасыз етуі тиіс. Туындаған барлық мәселені жылыту маусымына дейін созбай, жедел шешу қажет. Ұсақ-түйек демей, қауіп-қатерлердің барлығын мұқият есептеу керек», - деді Әлихан Смайылов бүгін Үкімет отырысында.

Осы ретте Премьер-Министр өзінің бірінші орынбасары Роман Склярға жылыту маусымына қатысы бар министрліктер мен әкімдіктердің, холдингтер мен компаниялардың арасындағы үйлестіру жұмыстары барынша тиімді жүргізілуі тиістігін ескертті.

«Мәселе өзімнің жеке бақылауымда болады», - деп атап өтті Үкімет басшысы.

Бұған дейін Әлихан Смайылов жылу желілерін техникалық тексеруді 1 маусымға дейін аяқтауды тапсырды.