Орталық көпірдің жағдайы атыраулықтарды көптен алаңдатып жүр. Өйткені, 2020 жылдың қаңтарында жылу құбыры тіректерінің ығысуына байланысты көпірде көлік қозғалысы уақытша тоқтатылды.
Әкімдік 2022 жылы күрделі жөндеуден өткізуді жоспарлаған еді. Бұл үшін қазынадан 920 млн теңге қаралатынын да хабарлаған. Алайда бұл жоспар күйінде қалды. Биыл қала әкімі болған Шәкір Кейкин әлемдегі үздік 500 компанияның қатарына жататын қытайлық мекеме орталық көпірдің қасына жаңа көпір салу жобасын жасап жатқанын мәлімдеді. Жоба бойынша олар қолданыстағы көпірден 10 метр қашықтықта жаңасын салуды жоспарлап, оның құрылысы аяқталғаннан кейін ескісін қолдану жолдарын қарастырмақ болған еді.
Осы жылы шетелдік компания өкілдері әкімдерге жобаның жай-жапсарын таныстырып кетіпті. Құрылыстың Жайық өзенінің қос жағалауына қалай жүргізілетінін көрсеткен. Шәкір Кейкин жобаға өзгерістер енгізіліп, жетілдіріліп жатқанында да айтты. Алайда бүгінде жобадан да, оны істеп жатқан қытайлық компаниядан да хабар жоқ.
Биыл қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі орталық көпірді күрделі жөндеуден өткізіп, 10 күнге жапқан еді.
Қарашада орталық көпірдің көлік жүретін бөлігінде және жаяу жүргіншілер жолында жарықтар пайда болды.
Қазіргі уақытта жаңа автомобиль көпірінің нақты бағыты мен құрылыс аумағының шекарасы бекітілмеген. Сондай-ақ жобалық-сметалық құжаттама әзірленбегендіктен, Жайық өзенінің екі жағалауындағы жолдар мен инженерлік инфрақұрылымды қайта жоспарлау қажеттілігі әлі анықталған жоқ. Жер учаскелерін мемлекеттік мұқтаждық үшін алып қою мәселесі де қарастырылмаған.
Бұған дейін Махамбет ауданындағы Атырау – Орал және Атырау – Индер автомобиль жолдарын байланыстыратын көпірде ауыр жүк көліктерінің қозғалысына уақытша шектеу енгізілгенін жазған едік.