«Үш айдан кейін әлем чемпионы боламын»: Жәнібек Әлімханұлы мәлімдеме жасады

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстандық кәсіпқой боксшы Жәнібек Әлімханұлы (17-0, 12 КО) алдағы чемпиондық жекпе-жегіне қатысты мәлімдеме жасап, екі салмақ дәрежесінде әлем чемпионы атануға ниетті екенін жеткізді, деп хабарлайды INFORMSPORTS .

Фото: janibek_alimkhanuly/ instagram

Жәнібек Әлімханұлы 2027 жылдың 23 қаңтарында Данияның Хорсенс қаласында жеңіліп көрмеген жергілікті боксшы Якоб Банкпен (20-0, 11 КО) жұдырықтасады. Жекпе-жекте екінші орта салмақтағы WBO нұсқасы бойынша бос тұрған әлем чемпионы атағы сарапқа салынады.

Қазақстандық боксшының айтуынша, оның командасы қарсыласының жекпе-жектерін мұқият зерттеп, осал тұстарын анықтаған. Ендігі мақсат – сол кемшіліктерді тиімді пайдалану үшін тыңғылықты дайындалу.

- Біз қарсыласымызды зерттеп, оның осал тұстарын анықтадық. Енді аянбай еңбек етіп, жақсылап дайындалатын уақыт келді. Оның өз елінде бар күшін салатынын білеміз. Жаңа салмақ дәрежесі. Жаңа деңгей. Алла қаласа, үш айдан кейін екі салмақ дәрежесінде әлем чемпионы боламын, – деп жазды Жәнібек Әлімханұлы X әлеуметтік желісіндегі парақшасында.

Айта кетейік, бұған дейін Жәнібек орта салмақта өнер көрсеткен. Енді ол екінші орта салмақта да әлем чемпионы атанып, кәсіпқой бокстағы жетістіктерін еселеуді көздеп отыр.

Ал оның қарсыласы Якоб Банк те алдағы кездесуде жеңіске жетіп, әлем чемпионы атануға ниетті екенін мәлімдеген.

Осылайша, 23 қаңтарда Хорсенсте өтетін жекпе-жек екі боксшы үшін де маңызды сынақ болмақ.

Айта кетелік Жәнібек Әлімханұлының чемпиондық жекпе-жек алдындағы әлсіз тұсы анықталғаны туралы жазған едік.