Үш күнде 17 мас жүргізуші анықталды: СҚО-да тәртіп сақшылары рейд жүргізді

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM - Солтүстік Қазақстан облысында үш күнде мыңға жуық құқық бұзу дерегі анықталды.

Фото: СҚО ПД

Өңірде 750-ден астам полиция қызметкері және Ұлттық ұлан әскери қызметшілері қатысқан «Құқықтық тәртіп» жедел-профилактикалық іс-шарасы өтті. 

СҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, Петропавлдағы дәмханалардың бірінде сенбіге қараған түні полиция қызметкерлері кезекті рейд жүргізді.

Бұл мекеме құқық қорғау органдарының назарына жиі ілігеді: мұнда «102» арнасына хабарламалар жиі түседі. Бұл жолы да тәртіп сақшылары бірнеше құқық бұзушылықты анықтады. Олардың қатарында тәртіп сақшыларының жұмысына кедергі келтіру және қоғамдық орынға мас күйінде келу деректері бар. 

Жалпы, үш күнге созылған «Құқықтық тәртіп» жедел-профилактикалық іс-шарасында полицейлер 955 құқық бұзушылықты анықтады.https://youtube.com/shorts/983oCA5Xc0c?feature=share 

Ауа райының құбылмалы болуынан жолдағы қауіптің артуына қарамастан, кейбір жүргізушілер мен жаяу жүргіншілер қауіпсіздік талаптарын елемеген. Рейд барысында жаяу жүргіншілер өткелінен өту қағидаларын бұзудың 64 дерегі тіркелсе, мас күйінде көлік басқарған 17 жүргізуші анықталды.

Мәселен, Петропавлдағы Фурманов көшесінде полицейлер Mazda автокөлігін тоқтатқан.

Оны басқарған 30 жастағы қала тұрғыны мас күйінде болған әрі көлік басқару құқығынан айырылған. Жалпы, үш күн ішінде қажетті құжаттарсыз көлік басқарғаны үшін 27 жүргізуші жауапкершілікке тартылды.

Қауіптің алдын алу мақсатында полицейлер Петропавлдағы кей көшелерде жолдың бір бөлігін тарылтты. Бұл жүргізушілерді жылдамдықты төмендетуге, көліктер арасындағы қауіпсіз арақашықтықты сақтауға және ықтимал көктайғаққа дайын болуға шақыруға бағытталды. 

Бұған дейін Қарағанды орталығында төрт көлік соқтығысқанын жазған едік.