Қарағанды орталығында төрт көлік соқтығысты

ҚАРАҒАНДЫ. KAZINFORM – Жол апаты қарбалас уақытта Бұқар жырау даңғылында болған. Алғашқы соқтығысудан кейін инерциямен тағы екі көлікке зақым келген. Екі жүргізуші дәрігерлердің көмегіне жүгінді.

Массовое ДТП
Фото: Kazinform/ЖИ

Қарағанды облыстық полиция департаментінің мәліметінше, жол-көлік оқиғасы 21 қараша күні сағат 16:04 шамасында Бұқар жырау даңғылында тіркелген. Апатnf Lada Priora, Chery, Kia Optima және Chevrolet Aveo маркалы төрт автокөлік зақымданған.

– Жол-көлік оқиғасы салдарынан Lada Priora және Chery автокөліктерінің жүргізушілері медициналық мекемеге жеткізілді. Аталған дерек полицияда тіркелді. Қазіргі уақытта оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр, – деп хабарлады Қарағанды облысының полиция департаменті.

Ал облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, зардап шеккендер дәрігерлердің тексеруінен өткен. Алайда олар ауруханаға жатудан бас тартып, амбулаториялық бақылауға жіберілген.

Әлеуметтік желілерде тараған бейнежазбада жол апатының қалай болғаны көрсетілген.  Бейнеден Chery автокөлігінің жүргізушісі оң жақ шеткі жолақта жылдамдығын бәсеңдеткенін байқауға болады. Жол жиегіне қойылған көліктер жүріс бөлігінің бір бөлігін алып, қозғалысқа кедергі келтірген. Осы сәтте артынан жоғары жылдамдықпен келе жатқан Lada Priora Chery көлігіне соғылады. Соққыдан кейін екі автомобиль инерциямен алға қарай жылжып, жолдағы тағы екі көлікке тиеді.

Жазбаға пікір қалдырған қала тұрғындары даңғыл бойындағы тұрақ мәселесін көтерген. Олардың айтуынша, кейбір учаскелерде тұраққа қойылған көліктер оң жақ жолақтың едәуір бөлігін алып, басқа жүргізушілерді жылдамдықты күрт төмендетуге немесе жолақ ауыстыруға мәжбүр етеді.

Тұрғындар тұрақ орындарының тереңдігі жеткіліксіз болғандықтан, көліктердің бір бөлігі қозғалыс бөлігін жауып тастайтынын да атап өткен.

Оқиғаның нақты себептері мен мән-жайын полиция анықтап жатыр.

Бұған дейін Астана – Петропавл тасжолында болған ауыр жол апатынан кейін дәрігерлер жаңа туған нәрестенің өмірін аман алып қалғаны хабарланған болатын.