«Ішкі істер министрлігі ҚР Қылмыстық кодексінің 344-бабы 3-тармағы бойынша (әуе көлiгi жүрісі немесе оларды пайдалану қауiпсiздiгi қағидаларын бұзу) сотқа дейінгі тергеуді бастады. ІІМ орталық аппаратының, Алматы және Алматы облыстық көліктегі полиция департаменттерінің, сонымен қатар Төтенше жағдайлар комитетінің қызметкерлерінен – тәжірибелі тергеушілер, криминалистерден жасақталған жедел тергеу тобы құрылды», - деп атап өтеді министрліктен.
Ведомство мәліметінше, оқиға орны күзетке алынды. Апат болған жердегі жұмыстарды үйлестіру үшін Ішкі істер министрінің орынбасарлары, полиция генерал-майорлары Рашид Жақыпов пен Юрий Ильин оқиға орнына жетті.
Айта кетейік, бүгін таңда Алматыдан Нұр-Сұлтан қаласына ұшып шыққан ұшақ радардан жоғалып кетті.
Кейін 95 жолаушысы және 5 экипаж мүшесі бар ұшақтың апатқа ұшырағаны мәлім болды.
Оқиғаның мән-жайын анықтау үшін ұшақ құлаған аумаққа арнайы комиссия ұшып шықты.
ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ұшақ апатына кінәлілер заңға сәйкес қатаң жазаланатынын мәлімдеді.
Елбасы Нұр-Сұлтан Назарбаев жолаушылар ұшағының апатқа ұшырауына байланысты көңіл айтты.