Алматы облысы ІІД баспасөз қызметі берген ақпаратқа сәйкес полиция 27-36 жас аралығындағы 4 ер адамды ұстаған. Оның екеуі қамауға алынды, екеуі елден сыртқа шықпау туралы қолхатпен босатылды.
Күдіктілерді 12 тамызда ұйымдасқан қылмыспен күрес бөлімшелері Алакөл ауданы Үшарал қаласында жүзеге асырған жедел шарасы барысында ұстады.
Ұсталғандар «Тойота-Ленд-Крузер» джипімен келе жатқан. Тексеру барысында олардан героин, гашиш, екі травматикалық тапанша, граната, оқ-дәрілер тәркіленді. Есірткі мөлшері: 5 гр героин және 15 гр гашиш», - деп хабарлады ІІД ҰҚКБ бастығының орынбасары Айдос Күзембаев.
Полиция күдіктілердің екеуі бұдан бұрын бірнеше рет есірткіге, қаруға байланысты түрлі қылмыстар жасағаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылғанын атап өткен.