Мегаполистің хайуанаттар бағынан мәлім еткендей, зообақта кеш туған үкі балапаны бар. Оның ата-анасы зообаққа Чехия мен Франциядан 2019 жылы әкелінген. Өткен жылы үкілер жұбында екі балапан өмірге келді. Биыл ұрғашы үкі үш жұмыртқа басты. Ұяда – екі, инкубаторда бір балапан жұмыртқа жарып шықты.
Алайда, инкубатордан шыққан құстың сұрқы ұсқынсыз болғаны атап өтіледі.
«Инкубация мерзімі 30 күн болды. 27 маусымда жұмыртқадан балапан шығып, біздің орнитолог мамандарды қуанышқа бөлеген еді. Жұмыртқадан жаңа шыққан үкі балапаны өзге құстар сияқты тартымды әрі сүйкімді туылмады. Кішкентай үкіміздің тұмсығы үлкен, аяқтары ұзын, қауырсындары ұйпа-тұйпа, тура «Ұсқынсыз үйрек» ертегісіндегі сұрықсыз құс сияқты болатын. Бірақ, сонда да біз оған ерекше қарап, жақсы көріп кеттік. Жыртқыш құс болғандықтан етті жақсы жейді», - деп хабарлады зообақтың баспасөз қызметі.
Қазір балапан үкі біраз өсіп, көрікті құсқа айналып келе жатқаны айтылады.